«Мақат адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұсынысымен аудан кітапханаларының ұйымдастыруымен қолға алынған «Буккроссинг» акциясы өтті.
Акция Мақат локомотив пайдалану депосы жанындағы №5 Мақат кітапханасынан «Кітап алмасу» бұрышының ашылу салтанатынан бастау алып, №6 Мақат кітапханасында жалғасын тапты.
Буккроссингтің басты мақсаты - үйімізде жатқан немесе оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау». Оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу, әр түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру, күнделікті өмірдегі әр оқырманның кітап оқу әрекетін танымал етуге өз үлесін қосу, әлемді үлкен кітапханаға айналдыру.
Акцияға №6 Мақат кітапханасының оқырмандары : М.Несіпбаева, Ә.Бүршікова, А.Абдолова, А.Қайыржанова, Ү.Имашова, Ш.Хасанова қатысып, үй кітапханаларындағы кітаптарын ұсына отырып, бастаманы насихаттады. Айта кетсек, оқырман А. Абдолова жергілікті қаламгер Сәтімжан Санбаевтың «Ақ аруана» кітабын Н.Жұмағалиеваға оқуға ұсынса, Әлия апай өзінің оқыған Бексұлтан Нұржекеевтің «Бейтаныс әйел құпиясы» кітабын ұсынды. Сондай-ақ, №9 кітапхана оқырманы Маруа Мақсотова апай аудандық орталық кітапханаға оқырмандар ұсынған әдебиеттерден Ғабит Мүсіреповтың көп томдық шығармасын алса, №1 кітапхана оқырманы Оңғар Бекболсынов ағай өз үй кітапханасынан Д.А.Фурмановтың «Чапаев красный десант» повесть, япон тілінен аударылған «Луна в тумане» прозасын, О.Слободчиковтің «Чикинда» повесін №6 кітапханадағы буккроссинг бұрышына қойды.
Акцияны «Мақат адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жобашысы Р. Әлиева қорытындылап,аудан кітапханалары қорына Мақат ауданының 95 жылдығына шыққан « Мұнайлы елім - ертеңім, шырайлы жерім - желкенім», Ө.Озғанбайдың «Тарихи тұлғалар тағылымы» атты еңбегін табыстады.
Г.Тыныбекова,
№6 Мақат кітапханасының меңгерушісі