Адал азамат заңға бағынады

(0 Votes)

Қоғамдағы әрбір жас үшін құқықтық сауаттылық пен заңға құрметтің мәні күннен-күнге өзекті болып отыр. Қазіргі таңда елімізде заңға бағынбау, құқық бұзушылық, алаяқтық және жастар арасындағы заңсыз әрекеттердің саны артты. Әсіресе онлайн алаяқтық, қаржылық схемалар мен «дропперлік» сияқты жаңа қылмыстар жастар үшін тікелей қауіп төндіреді. Сол себепті жастар өз құқықтары мен жауапкершілігін нақты түсініп, өмірлік шешімдерін заң шеңберінде қабылдауы керек.

Осы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастармен кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі, еліміздің құрметті заңгері Абзал Құспан қатысты. Кездесу жастарға құқықтық ақпарат беріпқана қоймай, олардың заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Жиынға ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов жетекшілік етті. Модератор кездесудің негізгі мақсаты Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бастамаларды жастарға түсіндіру екенін атап өтті. Сонымен қатар, Атырау өңірі атынан құрылтайға қатысқан мұнай-газ саласының ардагері, «Барыс» орденінің иегері Мақсым Ізбасов жастарға құрылтай барысында көтерілген маңызды бастамалар туралы мазмұнды ақпарат берді.

Кездесу барысында Абзал Құспан жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше мән берді.

– Бүгін елдің ертеңі саналатын жастармен осындай ашық кездесудің өтуі «Заң мен тәртіп» қағидатын терең түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл қағидат тек Мемлекет басшысының бастамасы емес, әрбір азамат үшін өмірлік маңызы бар ортақ құндылық. Заң үстемдігі орнаған қоғамда қоғамдық қауіпсіздік нығайып, экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Сондықтан қылмыстық саясаттың басты мақсаты жазалау емес, құқықбұзушылықтың алдын алу болуы тиіс. Осы бағытта қаржылық және онлайн алаяқтық, «дропперлік», заңсыз коллекторлық қызмет пен жастар арасындағы құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік күшейтілді. Қыз алып қашу, некеге мәжбүрлеу және заңсыз қудалау секілді әрекеттер қазақтың дәстүріне жат әрі адам құқығын өрескел бұзады. Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін заңнамаға нақты әрі қатаң нормалар енгізіліп отыр. Заң тұрақты әрі түсінікті болған жағдайда ғана қоғамда оған деген құрмет қалыптасады, — деді Абзал Темірғалиұлы.

Кездесу барысында қоғамда кеңінен талқыланып жүрген мәселелерге де назар аударылды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көтерген нашақорлық, қаржылық алаяқтық, жастар арасындағы «закладчик» әрекеттері, заңсыз банктік және коллекторлық қызметке қатысты жаңа және жаңартылған заң нормалары жан-жақты түсіндірілді.

Іс-шараның басты мақсаты жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және әрбір заңға қайшы әрекеттің жауапкершілігін ұғындыру болды. Жиын барысында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға спикер нақты әрі түсінікті жауап берді.

Кездесуге ардагерлер кеңесінің өкілдері, құқық қорғау органдарының мамандары, сондай-ақ Атырау қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледжстуденттері қатысты. Жиын аясында Абзал Құспан өзінің «Алаш заңгерлері» атты еңбегін университет кітапханасына сыйға тартты. Сонымен қатаруниверситеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен оған Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

Осы кездесу аясында белгілі заңгер Абзал Құспаннан сұхбат алып үлгердік, ол газетіміздің алдағы номерлерінің біріне жарияланады.

Майра ЕРҒАЛИ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT