Бүгін Мақат аудандық қорғаныс істері бөлімінің күрделі жөндеуден кейін қайта жаңғыртылған ғимараты салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Аталған шараға сала ардагерлері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Азамат Саматұлы жаңарған нысанның ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Асылбекұлы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Әнесұлы құттықтау лебіздерін білдіріп, жаңартылған ғимарат аудан азаматтарына сапалы қызмет көрсетуге, әскери есеп пен шақыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға толық мүмкіндік беретінін жеткізді.
Шара барысында жиналған қонақтар күрделі жөндеуден өткен ғимараттың ішкі құрылысымен танысып, жасалған қолайлы жағдайларға оң бағасын берді.
Мұнда әскерге шақырылушыларды қабылдайтын дәрігерлерге арналған бөлмелер, қабылдау бөлімі, мұрағат, персоналға арналған арнайы кабинеттер, асхана және бейнебақылау жүйесі қарастырылған.



Сондай-ақ, күрделі жөндеу барысында ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері толық жаңартылып, инженерлік желілер заман талабына сай қайта жүргізілген.
Ж.ҚАМЗА
Суреттер автордікі



