Атырау облысында балаларға ерте араласу және оңалту мәселелеріне арналған форум өтті

(0 Votes)

Атырау қаласында «БолашақК» қорының ұйымдастыруымен балаларға ерте араласу және оңалту мәселелеріне арналған форум өтті.

Іс-шараға 50-ге жуық маман — дәрігерлер, реабилитологтар, педагогтер және тиісті мекемелердің өкілдері қатысты. Қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін талқылап, тәжірибе алмасты.

Ерте оңалтудың айтарлықтай нәтиже беретіні атап өтілді: қалпына келтіру шараларын ерте жастан бастаған балалардың 80 пайызында оң динамика байқалады — олар жүріп, сөйлей бастайды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өңірде шамамен 5 мың бала ерекше күтімді қажет етеді, олардың 309-ы үш жасқа толмаған. Соңғы бір жылда туа біткен хромосомалық ауытқулары бар балалардың саны артқан.

«БолашақК» қорының басшысы Жібек Бисенова ерте араласудың маңыздылығын атап өтті:

«Қор балалар мен олардың ата-аналарына жан-жақты қолдау көрсетеді: ата-аналарды оқыту, медицина қызметкерлерін даярлау, невропатологтар мен реабилитологтардың кеңесі, Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы емханаларда тегін тексерулер жүргізіледі. Өткен жылы қор шамамен 400 ерекше балаға көмектесті, олардың 200-ге жуығында оң нәтиже тіркелді».

Ерте араласу жобасы өңірде 2023 жылдан бастап «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 871 балаға кеңес беріліп, 328 бала оңалтудан өтті, 500-ден астам маман және 220 ата-ана оқытудан өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT