Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен Ұлттық құрылтай отырысында ел дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, маңызды бастамаларды ортаға салды. Солардың ішінде қоғам назарын ерекше аудартқан ұсыныстың бірі – Халық кеңесін жаңа мемлекеттік орган ретінде қалыптастыру бастамасы болды. Бұл қадам елдегі қоғамдық диалогты нығайтып, азаматтық қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу аясын кеңейтуге бағытталған маңызды өзгеріс ретінде бағалануда.
Президент өз сөзінде халықтың үні билікке жетуі үшін тиімді әрі жүйелі тетіктер қажет екенін атап өтті. Осы тұрғыда Халық кеңесін елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие құрылым ретінде қалыптастыру ұсынылып отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл орган қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс.
Жаңа құрылымның басты мақсаты – елдегі маңызды әлеуметтік, экономикалық, саяси және рухани мәселелер бойынша кең ауқымды пікір алмасу алаңын қалыптастыру, халықтың ұсыныс-пікірлерін мемлекеттік деңгейде ескеру және ұлттық бірлікті нығайту. Президенттің ұсынысына сәйкес, Халық кеңесіне Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) мен Ұлттық құрылтайдың бірқатар функциялары берілуі мүмкін. Бұл – бұрыннан бар институттардың тәжірибесін сақтай отырып, оларды бір жүйеге келтіруді көздейтін қадам.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарып келді. Ал Ұлттық құрылтай – қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға арналған алаң ретінде танылды. Екі құрылымның әлеуетін біріктіру арқылы Халық кеңесі кең ауқымды өкілдікке ие, ықпалды органға айналуы мүмкін.
«Иә, расымен де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтерген Халық кеңесін құру бастамасы бәріміз үшін тиімді болар еді. Өйткені Халық кеңесінің құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың бірқатар функциялары біріктіріліп, ел мүддесіне бағытталған ауқымды істерді жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік туады», – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шаяхмет Ищанғалев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің ел дамуы үшін шешуші фактор екенін бірнеше рет атап өтті. Халық кеңесі осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, ел ішіндегі түрлі көзқарастарды үйлестіруге, ортақ ұлттық мүддені қалыптастыруға қызмет етпек.
Қорыта айтқанда, Халық кеңесін жаңа мемлекеттік орган ретінде құру – елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық қадам. Бұл бастама халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға тың серпін береді.Мемлекет басшысы көтерген бұл ұсыныс алдағы уақытта кеңінен талқыланып, заңнамалық тұрғыда нақты пішінге ие болатыны сөзсіз. Ең бастысы – Халық кеңесі шын мәнінде халықтың үнін жеткізетін, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге ықпал ететін тиімді алаңға айналуы тиіс.
Ж.ҚАМЗА



