Қоғам
- Автор: Мақат тынысы
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 55
Білім сайысында отбасылар білімін сынап, бірлігін көрсетті.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Отбасы күніне орай «Отбасылық QUIZ» отбасылық зияткерлік байқауы өтті.
Қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады және тапсырмаларды бірлесе орындады. Креативті орталық директоры Нұржан Өмірбайдың айтуынша, байқаудың басты мақсаты тек интеллектуалдық сайыс өткізу емес, отбасы бірлігін нығайту болды.
Оның сөзінше, жұмыс пен күнделікті тіршіліктің қарбаласынан отбасы мүшелеріне бір-бірімен сөйлесуге кейде уақыт жетіспей жатады. Осындай шаралар бірге уақыт өткізіп, өздерін біртұтас команда ретінде сезінуге мүмкіндік береді.
«Бірлік пен татулық – отбасы берекесінің негізі», – деп атап өтті Нұржан Өмірбай.
- Автор: Мақат тынысы
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 55
Бала тәрбиесі – отбасы мен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік. Оның бойындағы мінез-құлық, өзіне деген сенім, білімге қызығушылық пен ортаға бейімделу ең алдымен үйдегі қарым-қатынастан қалыптасады.
Осы бағытта Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы Отбасы күніне орай «Ата-ана рөлі: Саналы әрі табысты ұрпақ тәрбиелеудің сырлары» атты практикалық шеберлік сабағын өткізді.

Кездесуде ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны, отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара байланысы, баланың қабілетін ерте жастан дамыту және болашақ оқуына дұрыс бағыт беру мәселелері қозғалды.
Ал кездесудің негізгі бөлігінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, мектеп пен отбасының өзара байланысы, баланың қабілетін ерте жастан дамыту және білім алуға бағыттау мәселелері кеңінен талқыланды.

Осы орайда Атырау қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ерали Бижанов отбасы мен мектеп арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, баланың оқу үлгерімімен қатар, жаңа ортаға бейімделуі, өз ойын еркін жеткізуі және қоғамдық белсенділігі де назардан тыс қалмауы керек. Бұл ретте ата-ананың міндеті баланың әр қадамын бақылау емес, қажет кезінде қолдау көрсетіп, өздігінен шешім қабылдауына мүмкіндік беру.
Осы ойды жалғастырған «Алтын сақа», «Tolagai KIDS» балабақшалар желісінің басшысы Лаура Сұлтанова баланың тұлғалық қалыптасуы мектепке дейінгі кезеңнен басталатынын атап өтті. Баланың өзіне сенімді болуы, қарапайым дағдыларды өздігінен меңгеруі, жаңа ортаға еркін бейімделуі үшін отбасы мен балабақша арасындағы байланыс берік болғаны маңызды.

Ал баланың білімге деген қызығушылығын арттыру мен қабілетін шыңдауда жүйелі дайындықтың орны бөлек. Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Білім инновация лицейі бойынша сарапшы, математик-тренер Анар Мұханова өз сөзінде баланы емтиханға дайындауды ерте жастан бастаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, дайындық барысында ата-ана тек білімге қойылатын талапқа емес, баланың күнделікті тәртібіне де көңіл бөлуі керек.
«Баланы емтиханға дайындауды 3-4 сыныптан бастап жүйелі түрде қолға алған дұрыс. Бұл тек білімін жетілдірумен шектелмеуі керек. Баланың ұйқы режимі, дұрыс тамақтануы, күн тәртібі және демалысы да маңызды факторлар. Осындай қарапайым дүниелерге ерте жастан мән беру – баланың алдағы уақытта емтиханға психологиялық әрі физикалық тұрғыдан дайын болуына үлкен әсер етеді», – деді Анар Мұханова.
Осылайша кездесуде бала тәрбиесіне қатысты бірнеше мәселе бір арнаға тоғысты. Мектепке дейінгі тәрбие, мектептегі білім және ата-ананың күнделікті қолдауы бір-бірінен бөлек қаралмай, баланың тұтас дамуына қызмет етуі керек.

Өйткені баланың болашағына жол ашатын ең алғашқы орта – отбасы. Балаға сенім білдіру, оны тыңдау, пікірін құрметтеу, қателескен сәтінде жазғырудан бұрын түсінуге тырысу – оның өз күшіне сенуіне ықпал ететін қарапайым құндылықтар. Ал отбасы мен білім беру ұйымдары осы бағытта бір-бірін толықтырғанда, тәрбиенің нәтижесі де берік болмақ.
Ботагөз ИСАТАЙ
- Автор: Мақат тынысы
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 56
Әйел денсаулығы – отбасы бақыты мен ұлт саулығының маңызды негіздерінің бірі. Отбасы күні апталығы аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Әйел денсаулығы: репродуктивті сауаттылық – бақытты болашақ кепілі» тақырыбында кездесу өтті.

Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы мен «N&K» клиникасы ұйымдастырған шарада студенттер білікті мамандармен ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
– Бұл – бүкпесіз әңгіме алаңы. Көкейлеріңіздегі, тіпті ата-аналарыңызға да айта алмай жүрген мәселелеріңізді ашық айту үшін білікті мамандарды бір ортаға жинап отырмыз. Денсаулыққа қатысты сұрақ қоюдан ұялмаңыздар. Ең бастысы – өз денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарау, – деді Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Ардақ Жауырова.

Кездесуде репродуктивтік денсаулықты сақтау, аурулардың алдын алу, уақытылы медициналық тексеруден өту, жүктілікті жоспарлау және ана болуға дайындық мәселелері талқыланды. Мамандар жастардың медициналық сауатын арттырып, денсаулыққа қатысты мәселелер бойынша дер кезінде дәрігер кеңесіне жүгінудің маңызын атап өтті.

Шара барысында «N&K» клиникасының негізін қалаушы Назымгүл Мендешова да сөз алып, әйел денсаулығын сақтауда алдын алу шаралары мен тұрақты медициналық бақылаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, репродуктивті сауаттылық болашақ ана мен баланың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Еркін форматта өткен кездесуде студенттер мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды. Назымгүл Мендешова клиника атынан белсенді студент қыздарға медициналық тексеруден өту үшін сертификат табыстады.
Мәлике МӘЛІК
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ
- Автор: Бекарыс
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 61
Мемлекеттік аудит – бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Оның негізгі мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар ел қаржысының орынды жұмсалуына, заң талаптарының сақталуына және мемлекеттік ресурстардың тиімді басқарылуына ықпал етеді.
Жыл басынан бері сегіз айда жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде жалпы сомасы 179 млрд 697,7 млн теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 86 млрд 123,7 млн теңгесі қаржылық бұзушылықтарға, ал 93 млрд 574 млн теңгесі рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға тиесілі.
Мемлекеттік қаржының тиімді әрі заң талаптарына сай жұмсалуын қамтамасыз етуде мемлекеттік сатып алуларға жүргізілетін камералдық бақылаудың маңызы зор. Есепті кезеңде камералдық бақылау аясында 11 944 мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Нәтижесінде 1 635 мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы сомасы 30 млрд 569,2 млн теңгенің бұзушылықтары анықталды.
Аталған бұзушылықтарды жою мақсатында 1 615 хабарлама жолданып, олардың барлығы толық орындалды. Бұл көрсеткіш камералдық бақылаудың алдын алу және заң бұзушылықтарға жол бермеу бағытындағы тиімді құрал екенін аңғартады.
Мемлекеттік аудиттің тағы бір маңызды бағыты – заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолдану. Есепті кезеңде департамент тарапынан 452 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 46,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 39,7 млн теңге бюджетке өндірілді.
Сонымен қатар азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарау мәселесіне де ерекше мән берілуде. 2026 жылдың сегіз айында департаментке 565 өтініш келіп түскен. Олардың барлығына заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті мерзімде жауап берілді.
Осы тұрғыдан алғанда, жүргізіліп отырған аудит пен бақылау жұмыстары мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып қала береді.
Зоя САПАРОВА,
Атырау облысы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті
басшысының орынбасары
- Автор: Бекарыс
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 51
– Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі, – деп жазылған құттықтауда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.



