Жол – тіршіліктің күретамыры. Сол күретамырдың бүлінуі – қоғамның тынысына әсер етпей қоймайды. Сондықтан көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру – тек құқық қорғау органдарының немесе арнайы мекемелердің міндеті емес, бұл – бүкіл қоғам болып жұмылатын ортақ іс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жол қауіпсіздігіне арнайы тоқталып, оның халықтың тағдырына тікелей әсер ететін түйткіл екенін ерекше атап өткені – соның айқын дәлелі деуге болады.
Президенттің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен, жол-көлік оқиғаларының азаймай отырғаны көңілге алаң ұялатады. Жыл басынан бері тіркелген мыңдаған жол апаты – жай ғана статистика емес, әр санның артында тағдыр, отбасының қайғысы, үзілген үміт пен жарты жолда қалған арман тұр. Бұл – бәрімізді ойландыруға тиіс ащы шындық.
Ауданымызда да бұл бағытта игі шаралар қолға алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, тәртіп пен сақтық әр адамның ішкі ұстанымына айналмайынша, нақты нәтиже күту қиын. «Сақтықта қорлық жоқ» деген дана халқымыздың сөзі дәл осы тұста ерекше мәнге ие.
Ардагер ретінде кейінгі буынға айтарым – өмірдің қадірін жол үстінде де ұмытпайық. Асығыстық пен жауапсыздықтың соңы өкінішке ұрындырмасын. Әр сапар амандықпен аяқталып, әр шаңырақта қуаныш пен күлкі мол болсын десек, жол ережесін сақтау – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Қабылхан ОМАРОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі



