Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық кедергілерсіз пайдалануға беру жөніндегі тапсырмасы Атырау өңірі үшін ерекше маңызды. Өңірде халық саны жыл сайын өсіп келеді, ал экологиясы күрделі аймақ ретінде медициналық қызметке деген сұраныс та жоғары.
Атырауда соңғы жылдары бірқатар жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, емдеу мекемелері жаңғыртылып жатыр. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдау. Дегенмен тәжірибеде кейбір нысандардың құжаттық рәсімдерге байланысты толық қуатында жұмыс істей алмай отырғанын да жасырмау керек. Дайын тұрған ауруханалар мен бөлімшелерді созбалаңға салмай, тезірек іске қосу – өңір тұрғындарының денсаулығы үшін өте маңызды.
Қазір Атырау облысында күрделі диагноз қойылған науқастардың бір бөлігі әлі де Астана мен Алматыға жіберіледі. Егер көпбейінді ауруханалар уақытында іске қосылып, заманауи құрал-жабдықтармен және білікті кадрлармен қамтамасыз етілсе, мұндай жағдай айтарлықтай азаяр еді. Бұл – әрі науқасқа, әрі оның отбасына түсетін салмақты жеңілдетеді.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында медицинаға жеке инвестиция тарту Атырау үшін де тиімді. Өңір – экономикалық әлеуеті жоғары аймақ, сондықтан денсаулық сақтау саласына инвестиция салуға мүмкіндік бар. Жеке сектордың келуі жаңа технологиялардың енгізілуіне және медициналық қызмет сапасының артуына ықпал етеді.
Сонымен қатар фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселесі де Атырау өңіріне тікелей қатысты. Мұнай-газ саласымен қатар, өңірде медицина мен дәрі-дәрмек өндірісін дамыту – экономиканы әртараптандырудың бір жолы. Өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектің үлесі артса, халық үшін де, медицина ұйымдары үшін де тиімді болмақ.
Президент айтқан медициналық қызметтерге мониторинг жүргізуде жасанды интеллектіні енгізу бастамасы өңірлік медицинадағы ашықтықты күшейтеді. Бұл Атыраудағы медициналық ұйымдардың да жұмысына сапалық жаңа талап қояды. Ал дәрігер мәртебесін көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсарту – өңірде білікті кадрларды ұстап қалудың басты шарты.
Қайрат Нұрислам,
жалпы тәжірибелік дәрігер



