Кез келген елдің тәуелсіздігі мен егемендігінің, тарихи тағдыры мен ұлттық рухының айрықша белгісі - Мемлекеттік рәміздер. Олар – халықтың бірлігі мен тұтастығын айшықтайтын, мемлекет мәртебесін айқындайтын басты құндылықтар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Мемлекеттік елтаңбасы мен Мемлекеттік гимні – халқымыздың өткен жолын, бүгінгі болмысын және жарқын болашағын бейнелейтін қасиетті нышандар. Бүгінде қазақстандықтар түрлі мемлекеттік мерекелер мен айтулы күндерде көк туды желбіретіп, Әнұранды мақтанышпен орындайды. Бұл – елге деген сүйіспеншіліктің, отансүйгіштік сезімнің көрінісі. Дегенмен, патриоттық ниетпен жасалған әрбір әрекет заң талаптарына сай болуы тиіс. Себебі мемлекеттік рәміздерді қолдану мен орналастырудың нақты белгіленген өз тәртібі бар. Осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында айрықша назар аударып, мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану ұлттың тұтастығы мен бірлігін нығайтатын маңызды себеп екенін атап өткен болатын.
«Кез келген жағдайда патриотизмді нығайтуға тырысу қажет және мемлекеттік символиканы – туымызды, елтаңбамызды, көліктерде, үйлерде, көшелерде және елімізде немесе шетелде өтетін спорттық және басқа да іс-шараларда дұрыс пайдалану маңызды. Көк туымыздың желбіреп тұрғанын көргенде, ерекше қуаныш сезіледі. Бұл арқылы еліміздің азаматтарының бірлігі мықты, ұлт ретінде тұтас екеніміз айқын көрінеді. Осындай әрекеттер олардың туған елін мақтан тұтатынын көрсетеді», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы алдағы уақытта мемлекеттік рәміздер туралы заңға жаңа нормалар мен талаптар енгізілетінін жеткізіп, бұл бағытта салғырттыққа жол беруге болмайтынын баса айтты. Осыған орай ауданымызда мемлекеттік рәміздердің қолданылу тәртібін сақтау, олардың талапқа сай орналастырылуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Әсел Абдақұлова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде ауданда барлығы 61 мемлекеттік мекеме орналасқан. Оның 23-і аудандық деңгейдегі, ал 38-і облыстық бағыныстағы мекемелер. Барлық нысандарда Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңына сәйкес орналастырылуы қатаң бақылауға алынған.
«Мекеме ғимараттарының қасбеттерінде Мемлекеттік тудың дұрыс ілінуі, ішкі бөліктерінде Мемлекеттік елтаңбаның талапқа сай орнатылуы, сондай-ақ олардың техникалық және эстетикалық жағдайы үнемі қадағаланады. Рәміздердің тозбаған, бүлінбеген күйде сақталуы – басты назарымызда. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданылады», -дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Әсел Асылбекқызы.
Расында да, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – елге, жерге, тарихқа деген құрмет. Көк байрағымыздың әрбір мекемеде айбынды желбіреуі, Елтаңбаның төрден орын алуы – ұлт рухының биіктігін көрсетеді.
Сондықтан рәміздерді қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы екені сөзсіз.
Г.Мәмбетқызы



