Мақат кентінде жалғасқан сапар барысында аймақ басшысы ерекше үлгідегі әлеуметтік мәдени нысан жұмысымен танысты.
Мұнда 170 миллион теңге қаржыға ауданда су қоймасының пайдаланылмай тұрған қазандығын қайта қалыпқа келтіру жобасы іске асып жатыр. Нысан үш қабаттан тұрады. Бірінші қабаты жастар орталығына айналса, екінші және үшінші қабаты музей мен көрме орталығы болады. Жобаның маңыздылығына тоқталған М.Досмұхамбетов ғимараттың ауа сорғышы жағдайына тоқталды. Жауапты тұлғалар жобаның қауіпсіздігіне және уақытында тапсырылатынына сенім білдірді. Өткен жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары наурыз айында аяқталады деп жоспарлануда.
Одан кейін үш қатарлы 60 пәтерлік екі тұрғын үй құрылыс басында болды. Ағымдағы жылдың шілде айында халық игілігіне берілу жоспарланған нысан 120 отбасын баспана бақытына кенелтпекші.
«Қазпошта» АҚ-ы Атырау филиалының жаңа ғимаратының да құрылысы аяқталды. Мұнда келушілер енді қажет қызметтерді қолжетімді түрде алады. Бұрынғы «Қазпоштаның» ғимараты тарлық еткен-ді. Жаңа нысан қолданысқа берілсе, мәселе өз шешімін таппақ. Облыс әкімі жаңа нысанды мұқият қарап, «Қазпошта» филиалы бөлімшесі басшысының мекеме жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстарын да тыңдады.
Одан кейін теміржол вокзалында болып, теміржол вокзалының қазіргі жай-күйімен танысты. Іргетасы 1966 жылы қаланған вокзал тәулігіне 28 жолаушылар пойызын қабылдайды. Күту залының сыйымдылығы 100 адам. Вокзал маңын қайта жаңғыртып, жаңа перрон салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алды. Мақат кентіне 519 миллион теңгеге, Доссор кентінде 127 миллион теңгеге перрон құрылысының жұмыстары іске асатын болады.
Одан әрі сапар кәріз су тазарту имаратында жалғасты. Бұл нысанда кәріз суы су тазартқыш арқылы сүзгіден өткізіліп, тазартылатын болады. Бірақ ауданда биологиялық анықтама жасайтын тәжірибе де, маман да жоқ. Сондықтан кәсіпке баулу үшін оқыту жұмыстары қажет. Облыс басшысы қыруар қаражат жұмсалып, құрылысы аяқталып тұрған нысанды іске қосу үшін мамандарды дайындау ісін жеделдету қажеттілігін тапсырды.
Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектебі де бүгінде қосалқы корпус құрылысы жүргізілген жағдайда қажеттілікті өтеу мүмкіндігі зораятындығы мәселе етіп қойылды.
Толығырақ газетіміздің № 2 санынан оқи аласыз.
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі