Мақаттық отбасы баспаналы болды

Мақаттық отбасы баспаналы болды
(0 Votes)

Апта басы аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Жылдар бойы тұрмыс тауқыметін көрген, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы Ахметовтар отбасы баспаналы болды. Бұл қайырымдылық іске «Харекет» қайырымдылық қол ұшын созды. 

Жұмагелді Ахметов 1977 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Кейін мұнайлы Мақат жеріне қоныс аударған. 2010 жылы өмірлік жары Мейрамгүл Әліпбаевамен отау құрып, бес баланы өмірге әкелген. Содан бері түрлі сынақтар мен қиындықтарды қатар жеңіп, алға қарай жылжуда. Он бес жыл бойы Х.Санбаев атындағы орта мектебінде талмай еңбек етіп жүрген Жұмагелді Ахметов ел алғысын алған азамат.

4 маусым – Рәміздер күнінің құрметіне орай Х.Санбаев атындағы орта мектептің акт залына жалпы ұлттық әнұран орындауға келген Жұмагелді ағамызға «Харекет» қорының еріктілері күтпеген жерден екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Керемет сәтке бір отбасындай болып кеткен мектеп ұжымы да куә болып, қолдау білдірді.

Жалпы Ахметовтар отбасы мектеп жанынан үнемі әлеуметтік көмек алып отыратын. 2023 жылы желтоқсан айында әлеуметтік жоба аясында Ахметовтар отбасына «Харекет» қорының еріктілері барып, жағдаймен танысқан. Бұл туралы Х.Санбаев орта мектебінің әлеуметтік педагогы Гүлжайна Оңайбайқызы айтып өтті.

Кейін ауданымыздағы «Харекет» қорының еріктісі әрі Х.Санбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Бекенқызы игі бастаманы қолына алған. Қайырымдылық қорының басшылығына баспаналы болуға лайықты жандардың бірі Жұмагелді Ахметовтің отбасын таныстырып, арнайы құжаттарды жинаған.

Сөйтіп 2024 жылы қазақтың тағы бір отбасы үйлі болды. Күтпеген жерден екі бөлмелі пәтердің иесі болған Жұмагелді Ахметов өз шаңырағының табалдырығын аттады. Жаңа қоныстың лента қию рәсімі әулеттің үлкені мен мектеп директоры Жасұлан Тәжібаевқа жолданды. Осы ретте игі тілектер айтылып, Жұмагелді ағамыздың өз ісіне адалдығы тілге тиек етілді.

- «Харекет» қайырымдылық қорының бастамасымен «Еңбекке құрмет» жобасы бойынша 1169 баспананың кілті табысталды. Міне, елге еңбек етіп жүрген, көпбалалы қазақтың бір азаматы үйлі болып жатыр. Бұл үлкен қуаныш, – дейді Атырау облысының «Харекет» қорының еріктісі Жақсылық Базарбаев.

Айта кетейік, бұл «Харекет» қайырымдылық қорының ауданымызға жасап жатқан алғашқы жақсылығы емес. Бұған дейінде аталған қор бірнеше отбасыға баспаналы болу бақытын сыйлаған еді.

Ж.Қамза

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT