Мемлекетіміз жас және көпбалалы отбасыларды қолдау мен қорғау, сонымен қатар, өмір сүрулері деңгейлерінің жақсаруы жолында ауқымды істер атқарып келеді. Себебі, халқымыз әрқашан нәзік жанды әйел затын қастерлеген, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған.
Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 22 қазандағы №1048 Жарлығы бойынша көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау шарасы болып өтті.
Шара барысында аудан әкімі Ринат Хисаұлы қоғамда аналардың орны ерекше екенін айтып, оларға салтанатты түрде төсбелгі табыстап, арнайы гүл шоқтарын ұсынды. Соның ішінде Жаңыл Бөлегенқызы, Ләззат Мақсотқызы, Қарлығаш Сәрсембайқызы, Әсем Жәнібекқызы, Ақсүйрік Абылайқызы, Дана Қапанқызы, Гүлжанат Дәулетқызы «Күміс алқа» және Тілектес Мұратқызы, Мейрамгүл Қылышбайқызы, Гүлзира Хайроллақызы «Алтын алқа» иеленді.
«Еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз! Кез келген мемлекеттің болашағы – оның саналы ұрпағы. Ал, ұрпақ тәрбиелеудегі сіздердің орындарыңыз қашанда жоғары. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол», - деді аудан әкімі Ринат Ибрагимов.
Шара соңында, көпбалалы аналар аудан әкімдігіне өз алғыстарын айтып, естелік суретке түсті.
Ә.ҚАСЫМ
Сурет автордікі