Туған өлкенің тазалығы оның әр тұрғыны үшін қашан да үлкен маңызға ие.
Өткен аптадан бастау алған көктемгі тазалық айлығы аясында тағы бір сенбілік жұма күні жалғасын тапты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ықпалымен сағат тілі таңғы тоғызға келгенде қос әкімдік ғимаратындағылар арнайы ұйымдастырылған автобусқа отырып, қырық шақты қызметкер Ж.Жұмағалиев көшесімен 1-ші, 3-ші ауылдарды толықтай тазалауға бетке алды.
Тап осы күні табиғат анамыз да төл перзенттерін сынағысы келгендей, түнімен ақжауындатып топырағын тас басуға дайындағандай балшыққа айналдырып қойыпты. Қызметкерлерге ауа райының тосын мінезі кедергі бола алмады. Білек сыбанып, айналаны тазалауға кірісті.
Толарсақтан саз кеше қоймаса да, тобығына дейін былғанғандары жетерлік. Ұшқан қағаз бен қатты тұрмыстық қалдықты түгел жинады. Аталмыш ауыл тұрғындарының тазалыққа немқұрайлы көзқарасы әрине қынжыларлықтай. Ауыл арасын әбден қоқытып-ақ тастаған екен.
Мақаттықтардың өз өлкесіне деген жанашырлығы өзгерсе деген ниеттегі тазалық жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жақсы іс үлгі болса дейміз ауыл тұрғындарына.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі