Жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті

(0 Votes)

Соңғы кездері ауданымыздың ұлттық спорт түрлерінен ерекше қарқын байқалады. Бұған дейін асық атудан балалар арасынан облыс намысын қорғап жүрген үздік шәкірттерімізді мақтан еткенбіз. Енді міне, оларға мергендіктің қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаздары да жеңіс тұғырынан табылды.

Жақында ғана өткен облыстық додада өзгелерден оқ бойы озық келген олардың жеңісі бұл сөзімізге дәлел. Аталмыш жарыста Мұрат Қайыров, Ербол Құбайдоллаев, Ғалымжан Нарымбаев секілді дене шынықтыру пәнінің ұстаздарынан құралған ерлеріміз ақтық сында Атырау қаласының құрамасына ғана жол беріп, жүлделі екінші орынды қанжығалады. Ал, жеті команданы жолда қалдырған әйелдер құрамасы болса айналым жүйесімен алтыннан алқа тақты. Олар енді облысымыздың намысын Түркістан қаласында қорғамақ. Әйелдер құрамасында да дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Мадина Төлегенова, Бақтыгүл Төлегенова және Мейрамгүл Жұмағалиевалар бар. Ерлеріміздің жарысы бес табан деп аталынса, әйелдер арасындағы жарыстың атауы бес асық.

asyq-2


Бұл ретте бөркімізді аспанға атқызған әйелдер құрамасының мүшесі Мадинамен сұхбаттасудың реті келді. "Бізге жалпы асық иіру бала кезімізден жақсы таныс қой. Десе де, бүгінде ойынға біршама өзгерістер енгізілген. 2017 жылы Атырау қаласына алғаш шәкірттерімді алып келдім. Сол кезден асық ойынына деген қызығушылығым арта түсті. Біздің ойын 13 турдан тұратындықтан  оған ептілік пен шапшаңдық керек "- дейді ол. Ойыншы сонымен қатар дәл осы ойын бойынша облыстан төрешілік етуге де тағайындалған екен. Бүгінде Х.Санбаев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің ұстазы болып 2007 жылдан еңбек етіп келеді.
Жалпы, «Бес асық» ойынына тоқталып кетсек, ойын кезегі сақаларды иіру арқылы анықталады. Сақасы алшысынан түскен ойыншы ойнау кезегіне ие болады. Бірінші ойыншы ойынның ережесін бұзғанша ойнайды. Кейін ойынға екінші, үшінші ойыншы кіріседі. Ойын бір қолмен ойналады. Ойыншы жерден (кілемнен) асықтарды алғанда, қолы басқа асықтарға тимеуі керек. Егер ереже бұзылса, кезек келесі ойыншыға беріледі. Ойын жалғасы әрекеттің бұзылған жерінен басталады.

asyq

Ойын бірліктен басталып,  төрттікке дейн жалғаса береді. Яғни, ойыншы кілемге бес асықты шиырып тастайды, шашылған асықтардың ішінен біреуін таңдап алады, ол хан болады.(Хан асық ойынын жүргізетін негізгі асық болып есептеледі). Ойыншы ханды жоғарыға лақтырып, кілемде жатқан асықтардың бірін алып, лақтырған ханды қағуы керек. Хан қайта жоғары лақтырылып, кілемдегі шашылған асықтардың екіншісі, кейін үшінші, төртінші алынады. Ханды қаққан кезде алақанның сырты кілемге жанаспауы керек. Кілемнен алынған асықтар бөлек жиналады. Одан кейін «жалақ», «алақан», «төртбұрыш», «алмастыру» секілді бөлімдеріне өте береді. Одан кейін «үндемес», «сарт-сұрт», «қаршу», «нәбимен»   аяқталып, ұпай саны көп адам ұтысқа шығады.

Асығы алшысынан түсіп, ел мерейін үстем еткен жерлестерімізге алдағы дүбірлі додада тек сәттілік тілейміз.

А.Садыков

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT