Мақаттық аяқдопшылар алты алаштың назарында

(0 Votes)

Ала доп десе, «ішкен асын жерге қоятын» мұнайлы мекеннің жанкүйерлерін жергілікті спортшылар бір емес, бірнеше рет қуантып тастады.

Алдымен, ең елеулісі - премьер лигаға тоқталайық. Сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылардың арасынан жергілікті "Локомотив Мақат" командасы қоржындарына қола жүлдені еншіледі. Айта кетейік, бұл - прьемер лигадағы аудан командаларының алғашқы жетістігі. 14 команда қатысқан жарыс жолында 12 командамен кездескен жергілікті команда бір командамен кездеспей жатып, уақытынан бұрын жеңімпаз атанды. Олардың ізіндегі "Локомотив Атырау" командасы оларға енді  математикалық есеп бойынша жете алмайды. Екі жеңіліс, екі тең ойын мен 8 рет жеңіске жеткен теміржолшыларымыз осылайша мақаттықтардың мерейін үстем етті.

whatsapp-image-2021-03-30-at-18_35_15-1

Доп додасының қызығы таусылған ба? Делебені қоздырып алты алаштың көзайымына айналған тағы бір жарыс Нұр-Сұлтан қаласында әуесқой командалардың арасында өтті. Қазақтан шықан тұңғыш олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіровты еске алуға арналған ел біріншілігінде ең мықты деген командалар күш сынасты. Аталмыш додада облыс намысын қорғаған қос командада мақаттық бес аяқдопшы өнер көрсетті. Бір өкініштісі, "Каспий Нефть" командасында өнер көрсеткен Сағытжан Каримов  алғашқы ойында жарақт алып, орта жолдан тоқтады. Командаластары  Ержан Шарафиев пен Ақылбек Каримовтың ойын өрнегі де ерекше өрбіді. Әсіресе Ақылбектің командасын топтан бірінші орынмен плей-офф кезеңіне алып шыққан соңғы минуттардағы голы талайды толқытты.

Жерлестерінің ойынын тікелей эфирде тамашалаған мақаттықтардың төбесін көкке тағы бір мәрте көтерген "Локомотив Атырау" командасында ойнаған Еркебұлан Бейбітұлы мен  Алтынбек Қосекен. Бір кездері ұлттық құрама сапында жасындай жарқыраған ойыншылардан құралған атышулы "Биосфера" командасымен өткен алғашқы ойында көпшілік аталмыш команданы фаворит көрді. Десе де, Еркебұлан бастаған жігіттер еш тайсалмастан жеңіске жете білді. Турнирдің ең ерекше есте қалар сәті тап осы команданың "КазАвтоЖолға" қарсы өткізген ойынында орын алды. Азуын айға білеген командаларды жолда қалдырған біздің жігіттер сәл босаңсыды ма, ойынның бітуіне 6 минуттай уақыт қалғанда таблодағы есеп 5:2-ні көрсетті. "Атырау" командасында өнер көрсететін Еркебұлан Бейбітұлы атағы дардай ұжымда бекерге жүрмегенін дәлелдеді. Көзді ашып-жұмғанша хет-трик жасаған ол қарсыластарын қапыда қалдырды. Есеп 5:5. Ендігі үміт қақпашы  Алтынбек Қосекенде. Алтынбек те командасы үшін аянып қалмай, маңызды пенальтиді тосып, 1/4 финалға жолдама алды. Әттең, ¼- те жігіттерге сәл сәттілік жетіспеді. Бір қызығы топтық кезеңде "Локомотив Атыраудан" жеңілген "Биосфера" жарыстың күміс жүлдегерлері атанды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген осы. Не де болса, жекелей шеберліктерін алты алашқа паш еткен жігіттер жарады.  

whatsapp-image-2021-03-30-at-17_38_29

Атырау қаласында өтіп жатқан қызмет лигасында жергілікті мемлекеттік қызметкерлерден құралған команда өнер көрсетуде. Әзірге бір жеңіліс, бір жеңіс. Бұл бір жағы маусым айында өтетін мемлекттік қызметкерлер арасындағы спартакиадаға дайындық есебіндей. Жарыстың жүру барысын тамашалаймын деушілерге әлеуметтік желіден тікелей эфир жүргізілетінін естеріңізге сала кетейік. Ендеше аяқдопшыларымызға  тек сәттілік!


А.САДЫКОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT