Жылыой аудандық ауруханасы жаңа заманауи жабдықпен толықты

(0 Votes)

Жылыой аудандық ауруханасы хирургтердің қауіпсіз әрі дәл жұмысын қамтамасыз ететін заманауи Bowa электрокоагуляторымен толықты. Жабдық «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен бизнес-серіктесі TengizTransGroup тарапынан берілді.

Компания өкілдері дәрігерлерге аппараттың мүмкіндіктерін таныстырды. Электрокоагулятор қан тоқтату, тіндерді дәл кесу және коагуляциялау үшін қолданылады. Бұл операциялардың жылдам, қауіпсіз және тиімді өтуіне мүмкіндік береді.

Аурухананың бас дәрігері Асулан Абдрахманов техникалық базаны жаңартудың маңызын атап өтті:

«“Теңізшевройл” қолдауымен алынған жаңа заманауи жабдық хирургтерге күрделі операцияларды жоғары деңгейде орындауға көмектеседі. Бұл – пациенттерге көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға қосылған елеулі үлес. Компанияға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз».

«Теңізшевройл» өңірдегі әлеуметтік бастамаларды жалғастырып келеді — медициналық мекемелерді заманауи техникамен жабдықтап, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға жәрдемдеседі және Жылыой ауданындағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлес қосуда.

Қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі консультант Сарсен Ерболов атап өтті:

«Әлеуметтік жауапкершілік — “Теңізшевройл” компаниясының негізгі қағидаттарының бірі. Біз жергілікті қауымдастықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларды әрдайым қолдаймыз. Жаңа Bowa электрокоагуляторы дәрігерлерге сенімді көмекші болып, пациенттердің сапалы медициналық көмек алуына ықпал етеді».

Еске салсақ, 2023 жылы «Игілік» бағдарламасы аясында жаңа аудандық аурухана салынған болатын. Жаңа аппарат дәл осы нысанға орнатылды. Жабдықты табыстау – өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған «Теңізшевройл» әлеуметтік бастамаларының кезекті қадамы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT