Атырау агро-техникалық колледжінде Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Талап бар жерде - тәртіп бар» атты кең көлемді кездесу өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, халықаралық және республикалық деңгейдегі чемпиондар, оқушылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз кезегі Атырау қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Жаслан Ерболатұлы Нұриденовке берілді. Ол құқықтық сауаттылықтың қоғамдағы орны, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтық жауапкершіліктің рөлі туралы кең көлемді баяндама жасады. Кейін Атырау облысы Полиция департаментінің «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл» басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Қайратұлы Ідірісов жасөспірімдер үшін өзекті мәселелердің бірі – есірткі қылмысының алдын алу тақырыбын қозғады.
Кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Аида Аманқосқызы Хайруллина да баяндама жасап, мемлекеттің тарапынан спортшылар үшін үлкен мүмкіндіктердің жасалып отырғанын, сондай-ақ жастарға қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Жиынның мазмұнды бөлімі өңір түлегі болып табылатын чемпион спортшылардың сөздерімен жалғасты. Кикбоксингтен әлемнің екі дүркін чемпионы, он дүркін Қазақстан чемпионы, ҚР-ның еңбек сіңірген спортшысы Жандос Назарбеков жастарға спорттағы тәртіп, еңбекқорлық және жауапкершілік туралы ой қозғап, мақсатқа жетудің басты құралы — табандылық екенін атап өтті. Ал WKF каратэден жастар арасында Әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері, Азия чемпионы Әбілмансұр Мұхтарұлы Батырғали спорттағы жетістік ұзақ жылдық тәртіп пен тұрақты еңбектің нәтижесі екенін жеткізді.
Сонымен қатар жиынға Атырау облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері — полиция капитандары Елдар Смағұлұлы Мухитов, Алихан Булатұлы Сейтов және Қуандық Сырымұлы Бекназаров қатысып, өз қызмет жолдары, спорттық тәжірибелері және тәртіптің кәсіби өмірдегі рөлі туралы бөлісті. Олар жастарға күш-қуатты дұрыс бағытта жұмсаудың, өзін-өзі қорғау мәдениетін дамытудың және заңға бағынудың маңызын атап өтті.
Кездесу соңында басқарма басшысы Нұрбол Сыдықов жастарды білімге, еңбекқорлыққа, салауатты өмір салтына және заңға құрметпен қарауға шақырып, мұндай кездесулердің жас буын тәрбиесіндегі рөлі зор екенін айтты.
Шара қатысушыларға құқықтық мәдениет, тәртіп, спорттық табандылық және азаматтық жауапкершілік туралы жан-жақты түсінік беріп, жастарға мотивациялық серпін сыйлады.


