Мақат – ортақ үйіміз!

(0 Votes)

Аудан көркі тек нысандар мен жолдардың жаңалығымен ғана өлшенбейді. Ол – әрбір тұрғынның мәдениеті, тәрбиесі, өз ортасына деген жауапкершілікпен тікелей байланысты. Нысандарды қорғау, аудан ішін таза ұстау – тек ересектердің ғана емес, жасөспірімдердің де ортақ парызы. Өкінішке қарай, кейбір жастар мұны түсінбей, қоғамдық мүлікті бүлдіру арқылы өздерінің жауапсыздығын көрсетті. Ал соңғы уақытта орын алған мұндай әрекеттер қоғамға зиян келтіргені анық.

 Қынжылтатыны сол, өз жерінің көркеюіне үлес қосуға ат салыспай, артқа тартпа адамдардың кесірінен еліміздің қай-қай бөлігінде де даму ақсаңдап тұр.

Жалпы алғанда ауданның сәнін кіргізіп тұрған мүсіндер, бейне бақылау камералары, орындықтар, жаңа орнатылған жарық шамдары, ақпараттық тақтайшалар, балалар ойын алаңдары сияқты қоғамдық дүниелерді сындыру – үлкен әлеуметтік мәселенің бір көрінісі.

Осынау мәселенің бастауына тиек болған ауданымызға көрік беріп тұрған түрлі жарықшамдармен безендірілген «Мақат - біздің ортақ үйіміз» атты сәулеттік нысанның қирауы. Біздің ортақ үйіміз сөздері бұзақылардың жадына да кіріп шықпағаны қынжылтады. Сол бір әрекеттен кейін әлеуметтік желіде бірқатар парақшалар жариялап, мақаттық жай күйді көрсетті.

Пікір білдірушілер өздігінен әдемілік беріп тұрған нысанның қираған қалдықтарын көріп «Жабайылық қой, несі қалды екен», «Осындайлардың кесірінен ауылдар дамымайды», «Масқара, тауып, жауапкершілікке тарту керек» деп жарыса пікір білдірді. Осы бір аудан төңірегінде орын алған вандализмдік іс-әрекеттерге байланысты аудан әкімі Азамат Саматұлы да пікір білдірген болатын. "Бүгінде көркемдік пен сәндік мәні зор ғимараттар, тарихи ескерткіштер орнатылып, ауданымыздың келбеті жыл сайын жақсарып келеді. Аудан келбетінің көркеюі - ең алдымен мәдени құндылықтарымыз бен бірегейлігіміздің айқын көрінісі.

Алайда, соңғы уақытта кейбір тұрғындар тарапынан осы құндылықтарды қасақана бүлдіру жағдайлары орын алуда. Ал бұл жағдайлар - ауданымыздың мәдениетіне кері әсерін тигізетін әрекет және құрметсіздік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: қоғамдық орындарда тәртіп пен мәдениетті сақтау – баршамыздың міндетіміз деп нақты айтып, экологиялық құқық бұзушылық пен вандализм үшін жауапкершілікті күшейтетін заңдарға қол қойған болатын. Аталған құқық бұзушылықтар үшін заңға сәйкес жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатын болады. Өйткені, біздің ауданымыздың көркі – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан, мәдениетімізді бірге сақтайық»,- деген болатын.

Бұл – жай ғана бұзылған ойыншық немесе сынған фонарь емес. Ауданның келбеті мен мәдениетіне жасалған қиянат. Себебі әрбір орнатылған шағын архитектуралық форма, әрбір жарық бағаны, бейне бақылау камералары, әрбір орындық – мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыға салынған дүние. Бұл – ауданның игілігі үшін жасалған еңбектің зая кетуі.

Осы ретте вандализмдік жайттардың алдын алу үшін аудан көлемінде мектеп оқушыларына түсіндірме жұмыстар, рейдтік шаралар өткізіліп жатыр.

«Ұрпағыңмен мың жаса»

Ауданда кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен вандализмнің алдын алу бағытындағы кешенді шаралар жалғасуда. Осы мақсатта «Ұрпағыңмен мың жаса» атты түнгі профилактикалық рейд ұйымдастырылып, оған аудандық прокуратура, полиция бөлімінің қызметкерлері, білім беру ұйымдарының мамандары және аудандық әкелер кеңесінің мүшелері қатысты.

Рейд барысында жасөспірімдердің түнгі уақытта жүріс-тұрысын бақылау, оларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпті жағдайлардың алдын кесу негізгі міндет болды. Тексеру топтары ойын клубтарын, асханаларды, бос тұрған ғимарат маңын және жасөспірімдер жиі жиналуы мүмкін орындарды аралап, жағдаймен танысты.

Шара барысында ата-аналардың жауапкершілігі, балалардың қауіпсіздігі, түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Заң мен тәртіп қағидасы

Доссор мәдениет үйінде Заң мен тәртіп қағидасы аясында ауқымды шара ұйымдастырылды. Шара барысында Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру бақылау басқармасының аға жедел уәкілі Бекзат Қанатбеков “Сандық тұзақтар: Интернетте өзіңізді қалай қорғауға болады? Дипфейктер және жаңа қауіп-қатерлер” жөнінде мектеп оқушыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әрі қарай Атырау қалалық Жастар театры қоюшы режиссер Мұханғали Томановтың терең мағыналы «Жәннат» атты қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Қойылымда жанұядағы әке мен ананың орны, отбасы құндылығы, ана мен баланың арасындағы мейірім көрініс табады. Сондай-ақ, жастардың діни сауаттылығының төмен болуы салдарынан жат ағымның жетегіне ілесуі секілді жағдайлар шынайы әрі әсерлі сипатталады.

Вандализмнің алдын алу

Аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық білім бөлімі және полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге аудандағы білім беру ұйымдарына барды. Ондағы мақсат - вандализмнің алдын алу, мектеп оқушыларының құқық бұзушылықтарын болдырмау.

Аудан әкімінің орынбасары Әсел Шайзадақызы М.Баймұханов, Л.Шахатов және Х.Санбаев атындағы мектеп оқушыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында аудандағы соңғы орын алған оқиғаларды айтып, жасөспірімдерді қоғамдағы тәртіпті сақтауға шақырды. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда сол тәртіпті қамтамасыз ету үшін әкімшілік шаралар қолданылатындығын жеткізді.

Осы орайда қасақана көше көркіне көрік беріп тұрған сәулеттік нысандарды сындырған бұзақылар заң аясында қандай жауапкершілікке тартылады деген сауалға Мақат ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Бақытжан Әбділдиев төмендегіше пікір білдірді: «Жалпы заңда бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтілді. Оны бір топ адам және қылмыстық топ болып жасағаны үшін жауапкершілікте енгізілді. Дәл осындай қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған объектілерді, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік және мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны бүлдіргені үшін, осы тектес қылмыстарды жасағандар бұдан былай қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан емес, 14 жастан бастап тартылады. Вандализмдік іс-әрекет жасағандар 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары, 300 сағаттан 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не болмаса дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Күні бүгінде ауданымызда орын алған соңғы жайттарға байланысты бұзақылық іс-әрекеттерін жасағандар анықталды. Сараптамалық тергеу амалдары жүргізілуде. Алдағы уақытта тергеу амалдары біткен соң шешім хабарланады»,-дейді Бақытжан Тұқпатұлы.

Бұзақылық әрекеттердің артуының өзіндік себептері бар: жасөспірімдер бос уақытын дұрыс өткізбейді, ата-аналық бақылаудың төмендеуі, әлеуметтік желілердегі теріс контенттің ықпалы, қоғамда жауапкершілік сезімінің әлсіреуі. Кейбір аудандарда жастарға арналған мәдени орталықтар, спорт секциялары, шығармашылық үйірмелер жетіспейді. Соның салдарынан жасөспірімдер бос уақытын пайдасыз өткізіп, кейде тіпті бұзақылыққа баруы мүмкін. Бұзақылықтың салдары тек сынған дүние емес. Ол – аудан тұрғындарының көңіл-күйіне, қоғамдық тәртіпке, қауіпсіздік деңгейіне әсер ететін фактор. Ауданға келген қонақтар немесе жол жүріп өткен адамдар сынған шамдарды, бүлінген аялдамаларды, қираған орындықтарды көрсе, аудан туралы жағымсыз пікір қалыптастырады. Бұл – ауданның имиджіне нұқсан. Бұдан бөлек, балалар ойын алаңдарындағы сынған құрылғылар қауіптілік тудырып, жасөспірімдердің жарақат алуына әкелуі мүмкін.

Осындай келеңсіздіктермен күресу үшін ауданның ішкі көшелерімен қиылыстарына бейне бақылау камералары да орнатылған. Олардың да бірқатар бөлігі вандализмнің құрбаны. Камера орнату – бір шешім. Бірақ ең маңыздысы – тұрғындардың өз ортақ дүниесіне деген жауапкершілік сезімін ояту. Ата-аналар балаларын қоғамдық мүлікке құрметпен қарауға үйретіп, мектептерде тәрбие бағытындағы жұмыстар күшейтілуі керек. Жастарға арналған спорттық, мәдени іс-шараларды көбейту де бұзақылықтың алдын алады. Аудан әкімдіктері мен мектептер бірлесіп, сенбіліктер ұйымдастырып, қоғамдық мүлікті қорғау бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізгені де пайдалы.

Ауылдағы бұзақылық әрекеттермен тиімді күресу үшін тек алдын алу шаралары ғана емес, құқықтық мәдениетті қалыптастыру да маңызды. Бұл – ауыл жастарының заң алдындағы жауапкершілікті түсінуіне, өз әрекетінің салдарын сезінуіне жол ашады. Мектептер мен колледждерде құқықтық сауаттылыққа бағытталған тренингтер, кездесулер, прокурорлар мен полиция қызметкерлерінің дәрістері жиі ұйымдастырылса, жасөспірімдердің теріс әрекеттерге баруы едәуір азаяды. Өйткені заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды, ал заңды түсіну – тәртіпке бастайтын алғашқы қадам.

Сонымен қатар ауыл ішінде ерікті топтар құру да тиімді тәсілдердің бірі. Мысалы, «Жас сақшы», «Таза ауыл», «Ауыл патрулі» секілді бастамалар тұрғындарды ортақ іске тартады. Мұндай жобалар жастарды ұйымшылдыққа, қоғамға қызмет етуге, ауылдың көркін сақтауға үйретеді. Еріктілер тек қадағалап қана қоймай, бұзылған мүлікті қалпына келтіруге атсалысып, өзгелерге үлгі бола алады.

Жергілікті билік өкілдері де қоғаммен ашық жұмыс істесе, қай жерде қандай мүлік бүлінді, оны жөндеуге қанша қаржы жұмсалды – осының бәрін тұрғындарға ашық жариялау, әлеуметтік желілерде көрсетіп отыру бұзақылықтың алдын алуға ықпал етеді. Бұл әрбір тұрғынға өздігінше жауапкершілік ретінде көрінеді. Айналасына таратып сол бір дүниелерге көз қырын салып қарайлайды. Аудан – бәріміздің ортақ үйіміз. Оның әсемдігін сақтау тек әкімдікке немесе полицияға жүктелген міндет емес. Бұл – әрбір аудан тұрғынының борышы. Әр сынған орындық, әр қираған шам – тек темір немесе ағаш емес, ол – біздің мәдениетімізге, тәрбие деңгейімізге берілген бағасы.

Сондықтан кент көркі мен мәдени бейнесін сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз!

С.Бекарыс

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT