Өндірістік қауіпсіздік — өзекті мәселе

(0 Votes)

Бүгінде қоғамды алаңдатып, жұртшылықты толғантып отырған өзекті де күрделі мәселенің бірі — еліміздің, қала берді өңіріміздің құрылыс нысандарында өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жүк көтергіш механизмдердің (мұнара крандары) операторларының тарапынан орын алатын өлім жағдайларын азайту, мүмкіндігінше оған жол бермеу болып табылады. Бұл мақсатта қандай нақты шаралар алынып, жүзеге асырылуда? Атап айтқанда, жүк көтергіш механизмдерде жұмыс істеу кезінде қызметкерлердің қауісіздігі қалай сақталуда? Осы сауалдар төңірегінде түсінік беру үшін  Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовті әңгімеге тартқан едік. 

-Сырым Бисенбайұлы, алдымен қай кезде де күн тәртібінен түспейтін, өзектілігін жоймайтын осынау маңызды мәселенің оңтайлы шешімін табу  бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жайына тоқталсаңыз…

-Қазір облыста, негізінен алғанда  қалада құрылыстың қарқын алуымен байланысты бұл мәселеге де айрықша назар аударылып, қатаң бақылауда. Құзырлы және мүдделі мемлекеттік құрылымдар тарапынан қадағалау нығайтылып, жауапты тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге көңіл бөлінуде. Соның арқасында соңы өкінішке ұрындырып, адам өлімімен аяқталатын немесе сондай жағдайға душар ететін оқиғаларжың саны азая түсуде. Яғни, алынған шаралар белгілі бір шеңберде нәтижесін беріп, оң нәтижелерге қол жеткізілуде. 

-Сөзіңізді нақты дерек-дәйектермен дәлелдей түссеңіз…

-Бүгінде шаһар аумағындағы көп қатарлы тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан алаңдарда 28 ауыр жүк көтергіш техника құрылып, жұмыс жасауда.  Мұндай күрделі механизмді іске қосу 2014 жылдың сәуір айында қабылданып, заңды күшіне енген «Азаматтық қорғау туралы» ел Заңының талаптарына  сәйкес, төтенше жағдайлар департаментінің (бұдан әрі – департамент) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторларының қатысуымен техникалық куәландырудан өткізіліп, арнайы есепке қою жолымен жүзеге асырылады. Соның негізінде құрылыс алаңдарындағы мұнаралы крандар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді. Нақтылай түссек, оларды өндірісте пайдалану кезінде осы құжат міндетті түрде басшылыққа алынып, мүтіксіз орындалуы талап етіледі. Тек сонда ғана төтенше жағдайлар мен өкінішті оқиғалардың орын алуына, оның жолына тосқауыл қоюға болатынын қатаң түрде ескертеміз.

-Осы тұста көп қатарлы тұрғын үй құрылысын жүргізетін кәсіпорын басшылары мен мамандарына қойылатын талап, артылатын жауапкершілік жүгі төңірегінде не айтар едіңіз? 

-Жоғарыда аталған  қағида талаптары бойынша мұнаралы крандарды қауіпсіз режимде пайдалануға өндірістік қадағалау жұмыстарының жүзеге асырылуына бірден бір жауапты тұлғалар – мердігер кәсіпорындағы инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамы, соның ішінде қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер-маман болып саналады. Дәл осы санатқа кіретін мамандар өндірісте қауіпсіздік қағидалары мен ережелерінің қатаң сақталуына бірінші кезекте жауапты.  Сонымен қатар әңгіме арқауына айналып отырған жүк көтергіш  механизмдер – мұаралы крандарды қолданвлу мерзіміне, олардың технткалық тұрғыдан жарамдылығына уақытылы сараптама жүргізілуіне мүдделік танытуы тиіс. Яғни, оны әрі қарай пайдалануға болатынына немесе болмайтынына анықтама беруге міндетті. Өз кезегінде кәсіпорын басшысы мен оның осы салаға жауапты орынбасары бұдан хабардар болып қана қоймай, қойылған талап пен берілген нұсқаманың қаншалықты орындалғанын бақылауда ұстауға міндетті. 

Ұйымда мұнаралы крандардың қауіпсіз пайдаланылуын қадағалайтын инженерлік-техникалық жұмыскер: алмалы-салмалы жүк қармау құрылғыларын, техникалық күйін қадағалауды жүзеге асырады және өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларын бұзудың алды алу бойынша шаралар қабылдайды, оларды пайдалдануға рұқсат беретін жазбаны ресімдейді, технологиялық регламенттердің болуын және оларды қызмет көрсететін персоналдың, жүк көтергіш механизмдерді ақаусыз күйде ұстауға жауапты инженерлік-техникалық жұмыскерлердің және крандармен қауіпсіз жұмыс жүргізуге жауапты тұлғалардың орындауын бақылайды.

-Қандай жағдайда жүк көтергіш механизмдердің (мұнаралы крандардың) жұмысы тоқтатылып, оларды өндірісте пайдалануға тыйым салынады?

-Өте орынды. Нақтыласам, тежегіштердің, арқандар мен олардың бекіткіштерінің, шынжырлардың, ілмектердің, шығырлардың, жүретін доңғалақтардың, бұғаттау құрылғылары мен қауіпсіздік құралдарының, кранның электр сызбалырының ақаулары анықталғанда, салмақ түсірілетін металл құрылымында жарылулар мен деформациялар байқалғанда, техникалық куәландыру мерзімі немесе кранның нормативтік қызмет мерзімі өтіп кеткен жағдайда оларды өндірісте пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар жүк көтергіш кранды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде есепке қою туралы мәлімет немесе төлөқұжат (паспорт)  болмаған кезде, тасымалданатын жүктердің салмағына және сипатына сәйкес келетін алмалы-салмалы жүк қармау құрылғылары, ыдыстар болмаса немесе олардан  ақаулықтар табылса, кранның электр жабдығында ақаулар анықталса техника жұмысы тоқтатылады.

-Әңгімемізді соңғы екі жылдағы жұмыс нәтижелерімен түйіндесек?

-Бірден айта кетейін, «бәрекелді» деп айтуға тұрарлық жайт, департамент мамандары жүргізген талдау қорытындылары есепті мерзімде (2024-2025 жылдары) құрылыс нысандарында пайдаланылып отырған мұнаралы крандарға қатысты бірде бір төтенше жағдай тіркелмеді. Бұл сөз жоқ, атқарылған жұмыстардың нәтижесі, бірлескен іс-әрекеттің жемісі, тынымсыз еңбектің қайтарымы, деп есептеймін. Бір жағынан бұл  облыста апатты жағдайлардың(авариялардың) салалық тәуекел динамикасы бойынша мұнаралы крандардың жұмысын өндірістікбақылауын қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық-техникалық шараларының тиімділігін көрсеттетін жоғары меже, десек те артық емес. Әрине, бұған қарап арқаны кеңге салып, тоқмейілсудің де реті жоқ. Керісінше, мұндай тенденция жұмысқа деген жауапкершілікті арттыра түсері даусыз. Қалай дегенде де өндірістік қауіпсіздік ең  өзекті мәселе болып қала бермек. Өйткені ол түпкі нәтижесінде адам өліміне әкеліп соқтырар өкінішті жағдайды алдын алудың бірден жолы. Осыны әркез естен шығармай, жадымызда ұстағанымыз абзал.

-Әсерлі әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Дәулетқали АРУЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT