Болат жолдың бойындағылар өздерінің төл мерекесінде түрлі спорттық шараларда бас қосты. Жарыс кіші аяқ добы мен үстел теннисінен өтіп, аудандағы теміржол саласының түрлі мамандарынан тоғыз команда қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында саланың бөлім басшылары құттықтау сөзін сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып жүрген атаулы маман иелері өздерінің спорттық шеберліктерінің де жоғары дәрежеде екенін ойын барысында дәлелдеді.
Тартысқа толы додада кіші аяқ добынан бақ сынасқандар екі топқа бөлініп, жеңген командалар жүлде жолындағы жорықты әрі қарай жалғастырды. Күн ұзағы сарапқа салынған жүлделі орындарды төмендегідей командалар сарапқа салды. Керемет ойын өрнегімен көзге түскен Мақат локомотив пайдалану депосынан құралған команда жүлделі бірінші орынды иеленсе, екінші орынды жөндеу депосындағы жігіттер еншіледі. Жеңістің үшінші тұғырынан Мақат стансасы көрінді.
Биылғы жарыстың бір ерекшелігі, үстел теннисінің қосылуы еді. Бұл жерде де тартысқа толы ойындар өрбіп, теміржолшылар әбден машықтанған теннисшілерден кем түспеді. Кекілбаев Саламат бастаған "ВП-8" командасы бірінші орынды иеленсе, "ПЧ-9" командасы екінші орыннан табылды. Жөндеу депосындағы жігіттер бұл жерде де белсенділік танытып, үшінші орынға табан тіреді.
А.Садыков,
суреттер автордікі