26 шілде күні ауданның спорт сүйер қауымы тағы бір жағымды жаңалығымен қайта қауышты. Жыл сайынғы кіші аяқ добынан дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ашық біріншілік өзінің бесінші маусымын салтанатты түрде қайта ашты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Н.Исполов және Атырау футбол федерациясының вице президенті Э.Ғаббасұлы сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ашылу салтанаты аясында Мақат футбол лигасының суперкубогі сарапқа салынды. Былтырғы ашық біріншіліктің жеңімпаздары "Қуандық" және кубок жеңімпаздары "Азамат" командаларының арасында өткен кездесу тартысқа толы болды. Алма кезек шабуылдармен өрбіген ойында "Қуандық" командасы ойыншыларының мерейі үстем болды.
Бір айта кетерлігі "Қуандық" командасының желаяғы жақында ғана кіші аяқ добынан халықаралық деңгейде өткен "Олимп" турнирінде үздік ойыншы атанған жерлесіміз Каримов Сағытжан "Ақтөбе" командасына шақырту алған екен. Ендеше елдің суперкубогін сарапқа салғалы отырған ұжымға бет алған Сағытжанға сәт сапар!
А.Садыков
сурет автордікі