Мақат ауданында инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы айтарлықтай жақсарып келеді. Аталған жұмыстар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және қоршаған ортаны қорғау мақсатында қолға алынуда.
Мақат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Мақат кентінде орналасқан 4 кәріз сорғы стансасына күрделі жөндеу жүргізу үшін жоба әзірленіп, тиісті сараптамадан оң қорытынды алған болатын. Соның негізінде стансаларды жаңғырту жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылды.
Жөндеу барысында кәріз сорғы стансаларының төбе шатырлары мен қасбеттері жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар кәріз жүйесінің сенімді әрі экологиялық қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында насос қондырғылары толықтай жаңартылып, әрбір стансаға екі жаңа насос орнатылды.
Қазір аталған жұмыстар толықтай аяқталып, кәріз су сорғы стансалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде кәріз суларының уақытылы сорылуын қамтамасыз етіп, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге, елдімекендердің санитарлық тазалығын сақтауға ықпал етеді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ



