ЕҢБЕККЕ БАҒДАР - ТАБЫСТЫ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

(0 Votes)

Аудандық Жастар ресурстық орталығында жастардың еңбекке бейімделуін арттыруға бағытталған «Еңбекке бағдар – табысты болашақ кепілі» атты кездесу өтті.

 

Іс-шара Мемлекет басшысының бастамалары аясында жастар саясатын дамыту, олардың кәсіби әлеуетін арттыру және азаматтық белсенділігін күшейту мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенді жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Жиын барысында 2026 жылға жоспарланған жастарға арналған жаңа жобалар, волонтерлік қозғалысты дамыту, қоғамдық бастамаларды қолдау, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды құру тетіктері кеңінен талқыланды. Алдымен сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аманжол Асқарұлы жастарды қолдау – ел болашағына салынған маңызды инвестиция екенін атап өтіп, ауданда жастар бастамаларын қолдауға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізді. 

Кездесудің арнайы қонақтары – облыстық Жастар ресурстық орталығының маманы Гүлназ Арыстанова, Атырау облыстық Азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Фархад Қарапиденов, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Сейтқалиев, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы, «Жеті жарғы» қоғамдық қорының жетекшісі Абылай Құрметұлы жастармен ой бөлісіп, еңбекке баулу, қоғамдық белсенділік пен азаматтық жауапкершілікті арттыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ, қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Жиын соңында белсенділік танытып, мазмұнды баяндама жасаған спикерлерге аудан әкімінің міндетін атқарушы Әсел Қаржауованың алғыс хаты табысталды.

Кездесу жастардың еңбекке деген ынтасын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайта түсті. 

Ж.ҚАМЗА,

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT