Зерде ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының 2 сынып оқушылары Көркемай Жомарт пен Аян Сатқан үздік нәтиже көрсетіп, республикалық кезеңге жолдама алды.
Жас зерттеушілер байқауында оқушылар «Шар арқылы ғылыми құбылыстарды зерттеу» тақырыбындағы зерттеу жұмыстарын ұсынып, күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым шар арқылы ауаның қысымы, электрлену, жылу, дыбыс және реактивті қозғалыс сияқты ғылыми құбылыстарды тәжірибе жүзінде түсіндірді.
«Бұл жетістік — балалардың табандылығы мен еңбегінің, ата-аналардың қолдауының және мұғалім еңбегінің жемісі.
Әсіресе, олардың білім жолындағы талпыныстарын қолдап, бағыт-бағдар берген сынып жетекшісі Гүлзира Серікбайқызының еңбегін атап өткен жөн», - дейді С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернаты директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Серікболсын Берікұлы.
Айта кетейік, бастауыш сынып оқушылары қаңтар айында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.
Ә.ҚАСЫМ



