«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы мен Атырау облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен №2 Жұмағали Нәжімеденов атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен киберқауіпсіздік айлығы шеңберінде ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесу барысында интернет кеңістігіндегі өзекті қауіп-қатерлер, кибералаяқтардың кеңінен қолданатын айла-тәсілдері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар оқушыларға соңғы уақытта жиі кездесетін «дроппер» ұғымы, оның заңсыз әрекеттерге қатыстылығы және мұндай қылмыстар үшін көзделген заңдық жауапкершілік туралы нақты мәліметтер берілді.
Іс-шарада жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау, күмәнді сілтемелер мен белгісіз ұсыныстардан сақтану, сондай-ақ интернетте күдік тудыратын жағдайлар орын алған кезде құқық қорғау органдарына немесе тиісті мекемелерге дер кезінде хабарласудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және интернет кеңістігінде заңға қайшы әрекеттердің алдын алу.
Аталған ақпараттық-түсіндіру шарасына 70 жоғары сынып оқушысы қатысты.






