Қырық жылдан астам қолданыссыз тұрған "қазан" қолданысқа мәдени кешен болып беріледі дегенде көбіміздің күмәнмен қарағанымыз жасырын емес. Міне, көзді-ашып жұмғанша креативке толы идеядан керемет нысан жаңаша бой көтеріп үлгерді.
Қызылды-жасылды қырдағы қызғалдақтардың бейнесімен безендірілген ғимарат кентімізге кіре берістен көз тартып, "мен мұндалап" тұрғандай. Ауданымыздың экс-әкімі Жұмабай Қарағаевтың бастамасымен қайта жанданған ғимаратқа елдің түкпір-түкпірінен келген лауазымды қонақтарымыздың берген бағасы да жоғары. Тіпті, олар республиканың қай жерінде жүрсе де, біздегідей нысанға кезікпегенін таңданыспен жеткізген. "Жастар" жылынан тап осындай жаңаша тартуға ие болған біздің ауданның жастары ғана десек те, қателеспеспіз. Құрылысының бітуін асыға күтіп жүрген жастар ресурстық орталығындағы белсенділеріміз ғимараттың салтанатты ашылуын күтпей-ақ, жаңа мекендеріне қоныс аударды.
Қасынан өткеннің қызығушылығын оятатын ғимаратқа бас сұғып бір көруді тұрғындарымыз теріс көрмесе керек, алды шашуларын шашып үлгеріпті.
«Ерте тұрғанның бір ырысы артық» деп бекерге айтылмаған ғой. Жалынды жастарымыз жаңа мекендеріне ертерек енгенінің арқасында кейбір жетіспей тұрған дүниелерді дер кезінде көзі шалып, түгендеп те үлгеріпті. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус пен арнайы әжетхана жобада көрсетілмесе де, жастар құрылыстың айналасындағыларға қолқа салып, лезде оң шешімін тапты. Кезіккенімен тез тіл табыса алатын орталық басшысының іскерлігі телефон мен ғаламтор жүйесін орнатуда да көрініс берді. Бұл ретте, жастар ресурстық орталығының "Қазақтелеком" АҚ-ның жігерлі жігіттері мен газшылар ықшам ауданының айбынды жастарына айтар алғысы шексіз.
Қыруар қаржыны жұмсамай-ақ, газшылар ықшам ауданының жастары орнатқан бағаналарға "Қазақтелеком" желілерді жүргізуді өз мойындарына алған. Онсыз да қарбаласып жатқан үкіметке ауызын ашып, ұсақ-түйегін "балансқа" алынсын деп қарап отырмай, ауызбіршілік танытқан жастарға қалайша таңдай қақпайсың. Ғимарат ішіндегі кітап сөресін де жергілікті шебердің қолынан сыйға тартқан да сол газшылар ықшам ауданының жастары екен.
Алдағы уақытта жаңа нысан лэд экранмен жабдықталмақ. Бір қуантарлығы, жастардың енді өз алдына бөлек сахнасы да бар. Тап осы сахнада талантты жастардың шығармашылық кештерін өткізу, ойын-сауықтық бағдарламалар келер күннің еншісінде. Жастардың кешкі бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін карантин бітісімен, кино тамашалау, жұлдызды караоке секілді көңілді шаралар ұйымдастыру жоспарда. Үстел теннисі мен үстел футболы да әкелінбек.
Алып нысан есігін айқара ашық тұрғанымен маңызды. Жастардың қолы енді босады деген уақытта есігі тарс құлыпталып тұрса, оның кеңдігінен кімге пайда. Осы жәйтті ескерген орталық белсенділері енді жұмыс уақытын еркін графикке ауыстырғысы келеді. Әрине, қызметкерлердің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды.
Сахнаның жанына орналасқан гримерлық бөлмеден бөлек, мұнда басшының, есепші мен арнайы мамандардың өз бөлмелері бар. Жастарға заңгерлік кеңес бұрышы мен компьютерлік қызмет алатын орын да ойластырылған. Кітап оқып, зейініңізді арттырамын десеңіз, жергілікті жазушылардың шығармаларынан бастап әлемдік шедеврлерге дейін сөреде самсап тұр. Ғимарат іші әлі де санаға серпін беретін жаңашыл ойлармен толыса беретіні сөзсіз.
Сондай-ақ, жастарымыздың жақсылықпен қауышып жатқан тұсында тағы бір жағымды жаңалығы бар. Енді Мақат ауданы жастарының өз әнұраны бар. Әзірге жергілікті жас әншілердің орындауына ыңғайланып арнайы студияда өңделу үстінде екен.
Заманға сай жабдықталып жаңаша бой көтерген нысанға қоныс аударған жалынды жастарымыздан күтер үміт те жоқ емес. Алар асуларың көп болсын, мұнайлы мекеннің мақтаныштары!
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі