Тұрғындардың тілегі - тұзды сорды жою

(0 Votes)

Доссор жайлы айтқанда, алдымен қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтың «Мұнайшылар, мұнай бер...» деп басталатын өлең жолдары ойға оралады. Иә, Доссор «қара алтынның» қарашаңырағы ғой. Міне, оған да биыл 110 жыл толады.

Жалпы тарихи деректерге сүйенсек, Доссор мұнайын барлау 1857 жылдан тамыр тартқан. Нақ осы жылы Кирпичников дейтін тау-кен инженері Доссорға таяу жатқан көлді зерттегеннен кейін «Бұл жерде мұнайдың мол қоры бар. Қазынаны игеру өте қиынға түседі. Себебі, ауыз судың жоқтығы, елді мекендермен бай­ланыстың болмауы, әрі шөп ша­батын шабындықтың кездеспеуі барынша қиындық туғызады» деп өз байламын қағазға түсірген екен.

soor

Бұдан сол кезден бері Доссор даласын қуалай көмкерген төбелердің етегінде аумағы ат шаптырым сорлар айдынды көлдей жарқырап жататынын аңғаруға болатындай.

Кент орталығындағы тұзды сордың арғы бетінде бұрын мұнай качалкалары менмұндалап тұратын. Қазір жеріміздің қазынасы сарқылып мұнай алынбайтын болғасын, оларды да орнын ауыстыруға тура келді. Десе де, бұрын качалкаларға бару үшін тұзды сордың басын айналып өту қажет болатын. 

soor-4

Иә, осыншама уақыт Жер-Ананың игілігін көрген өлкемізді енді баптайтын уақыт келгендей. Өйткені тұрғындардың сөзінше, Доссор орналасқан қазіргі жер деңгейі артқа тастаған жүз жылға қарағанда 11 метрге дейін төмендеген. Яғни кенттегі жалтырап жатқан тұзды сорлардың аумағы сол кезден ұлғаймаса, қысқармаған секілді.

Мерейлі датаны карантинге байланысты дүркіретіп тойламасақ та, кентіміздің келбетін көркейту үшін бірқатар жұмыстар жасау керектігін ауыл азаматтары көтеріп жүр. Сол жұмыстардың бірі жоғарыда атап өткен тұзды сорларды көму.

soor-3

Өйткені кент орталығының екі бетін бөліп жатырған сордың иісінен қолқа тарылып, тыныс қиындайды. Қысты күндері ол көл болып тұрса, ал, жаздағы ыстық күндері буланып, көлдің орнын тұз қабыршығы жабады. Осылайша жел көтерілгенде шаңмен бірге  көтеріліп, өкпені қабындырады. Мұны ауыл тұрғындары мәселе жүзінде көтеріп келеді. Өйткені бұл денсаулықтың сыр беруіне де өз әсерін тигізіп келеді.

Былтыр аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятовтың бастамасымен ауыл азаматтарының бірігуімен, «Доссормұнайгаз» ӨБ және «Гарант Строй» ЖШС мекемелерінің қолдауымен жол деңгейінен үш метр төмендегі «көлдің» үстіне топырақ төгіп көтерілген болатын.  2100 камаз топырақ төгіліп, нәтижесінде 21000 м3 сортаң жер тегістеліп, жөнге келтірілді. Бұл жұмыстарға сондай-ақ, «Тазалық көгал» ЖШС-і және «Доссормұнаймаш» мекемелерінің де қосқан үлесі зор.

soor-5

Дегенмен, бұл тек бастамасы, осымен біте қоятын шаруа емес. Әлі жалтырап жатқан бірнеше шақырымдағы сортаң жерді көму үшін «ұзын қолды» азаматтардың көмегі қажет-ақ.

Бұл мәселе туралы Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриден Байниязов ағамыз да қозғап, тұрғындардың тілегін жеткізіп келеді.

«Биыл өлкемізге 110 жыл толғалы отыр. Осы орайда Атыраудан Құлсарыға қарай бағыт алатын республикалық маңызы бар жолдың сол жағындағы көлді құрғататын уақыт келді деп ойлаймын. Кент орталығында үлкен сор кеуіп, қазір бетінде 20 сантиметрдей тұзды топырақ пайда болды. Доссорға көбіне жел шығыс жақтан тұрады. Сол желдің әсерінен топырақ дауылмен көтеріліп, ауаны бүлдіріп, адамзатқа, жануарлар дүниесіне, тіпті өсімдіктерге де күлдей зиянын тигізуде. Осы мерейлі мерекеге орай тұрғындар атынан сұрайтынымыз: тұзды сорды көміп берсе екен. Ол көмілсе, әрі қарай жастардың жалғастыратын өз жоспарлары бар. Мысалы, ол жерге Доссор мұнайының иісін шығаратын ескерткіш тұғыр орнатсақ, болашақ ұрпаққа туған жердің тарихынан сыр шертіп тұратын еді. Сондай-ақ, көк туымызды желбіретіп ту тұғырын орнатып қойсақ, қандай әдемі болар еді. Өйтені жоғарыда айтып өткенімдей, бұл - республикалық маңызы бар жолдың айналасы. Бұл жол арқылы көршілес облыстардың адамдары тіптен, шетелдің азаматтары да өтіп жататыны жасырын емес. Сондықтан бұл жерде көк туымыз желбіреп тұрса, өзіміз мақтанып, өзгелер қызығып өтетін еді»,- дейді ардагер.

soor-6

Иә, ауыл тұрғындары кент қонақтарына мақтана таныстыратын әдемі туынды орнату керектігін бірнеше жылдан бері қолқа салып келеді. Сондай-ақ, Доссордың атын бүкіл елге әйгілі еткен №3 ұңғымаға қарай жол салып, оны әдемі мәдени ескерткіш ретінде танытсақ деген ұсыныстарын да айтудан бір тынған емес.

Ауданымыз табиғаты қатал, шөлейтті аймақ болғасын, экологиясы да мақтарлық емес. Сондықтан, бұл сорларды көміп, үстіне көшеттер отырғызылса,экологияны жақсартуға да мүмкіндік болар еді. Әйтпесе, көлемі ат шаптырымдай жерді алатын тұзды сорлар кент орталығын кәдеге жарату үшін кедергісін келтіріп тұр. Сондықтан, экологияны да жақсартып, кенттің келбетін де кіргізетін бұл жоба ауыл тұрғындарының туған жердің болашағына алаңдағанынан туындап отыр. Тұрғындар бұл бастамаға қолдау танытатын  жандар табылатынына үмітті.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521