Есеп беру жиыны аяқталғаннан кейін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Nur Otan» ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Қабылдауға келген тұғындар ауданды дамыту мәселелерін қозғады. Ардагер Сәбит Халенов көп жылдан бері шешілмей келетін перрон мәселесін көтерді. «Мақат стансасы - төрт бағытта пойыз жөнелтетін ең үлкен теміржол торабы. Доссор теміржолы 1926 жылы, Мақат теміржолы 1938 жылы салынған болса, сол жылдардан бері перрон көрмеген. Сын көтермейтін халде тұр. Жолаушыларға мініп-түскенде қиындық туғызып келеді»,-деп күрмеулі мәселені қозғады.
Облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы перрондарғы күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, оң нәтижесін алғанын жеткізді. Жоба құны 446 млн 817 мың теңге қажет ететінін және бюджеттік өтінім жолданғанын айтты.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, ұстаз Роза Үмбетова №2 бастауыш мектебін кеңейту мәселесін сөз қозғады. Аталмыш мектепке жапсаржай құрылысын жүргізуге жобалық- сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған бұл жобаны аймақ басшысы облыстық білім беру бөлімімен ақылдасып, пысықтап жауабын беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, №7 психологиялық-педагогикалық кабинетінің әдіскері болып қызмет атқаратын Роза Үмбетова аталмыш кабинет Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінде орналасқандығы қиындық туғызып отырғанын, сондықтан кентке кіре берістегі бос тұрған балабақшадан орын беруін өтінді.
Бұл сұраққа Махамбет Жолдасқалиұлы жұмысты ұйымдастыруға болатынын айтып, аудан әкіміне тапсырма берді.
Өз кезегінде ауданның экономикасын дамытуға жанашырлық танытқан Есенжан Төлешқалиев «НКОК» компаниясымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына көрсетілген көмекті Мақат ауданына бөлуді сұрады.
Бұл сұраққа М.Досмұхамбетов: «Жалпы 2021 жылы облысқа «НКОК» компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобалар бағдарламасы аясында 25 млн. доллар көлемінде қаржы бөлінгенін жеткізді. Бөлінген қаражаттан жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатқан Доссор кентіндегі 3 қатарлы 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру жоспарлануда»-, деп жауап берді.
Сондай-ақ, қабылдау барысында Байбақты ата мазарына дейін жарық жүргізу, Бәйгетөбе ауылдық округінде салынған полиция пункті ғимаратын мемлекет меншігіне алу және Доссор кентінің 110 жылдығына орай жасалатын жұмыстар туралы қозғап, оны шешу жағдайын сұрады.
Азаматтарды қабылдағаннан кейін облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметкерлерге формалды жауаптар беру практикасын тоқтатуды және тұрғындармен ашық диалог құруды, мәселелердің байыбына барып, оларды шешуге бар күштерін салуды тапсырды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Cуреттер автордан