Сүйек ұсыну әдебін сақтап жүрміз бе?

(1 Vote)

Дархандығы даладай, дана халқымыз есіктен енген мейманына ерекше көңіл бөліп қонағының қадіріне жете білген. Төрден орын сайлап, тіпті алдына тартатын асына дейін айрықша мән берген. Көшпелі халықтың күн көрісі төрт түлігімен сабақтас болғандықтан, мейманына малдың маңызды жілігін ұсынған.

Оның он екі жілігі жəне басқа мүшелері адамның қоғамдағы орны мен жолына лайықталып тартылмаса, бектер мен билер дереу наразылығын білдіретін болған. Бұл үрдіс бүгінгі күні де өз маңызын жоймаған. Алайда, кей кездері әсіресе біз секілді жастар жағы ет турап отырып, кімге ,қандай сүйек ұсынарымызды білмей қалып жататынымыз жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін көнекөз қарияларымыздан жөн сұрасқан едік. Бұл жолы бәйгетөбелік Мәженов Хозе-Диас атамызбен тілдестік.

Алқалы жиындарда аталық ақылын айтып жүрген ақсақалдың өмірден түйгені аз емес. Атамыз алдымен қонаққа тартылатын табақтарды тізбектеді. Бұлар: бас табақ, орта табақ, құданың табағы, күйеу табақ, қыз табақ, бала табақ, кежім табақ болып кете береді екен. Тиісінше, әрқайсысына салынатын ет те әр түрлі. Мәселен, сыйлы қонаққа бас пен жамбас, ортан жілік салса, күйеу балаға төс, қызға құйымшақ ұсынылады. Ал, әйелдер жағына асық жіліктен тартады. "Сонымен қатар бүгінде халық ескермейтін бір нәрсе бар: жиеннің сыбағасы деген.

Бірде Хакім Абай нағашысының аулына қонаққа барады. Қонақ болып құрметін көрсе де,  алдына тартылған астан бас тартады. Себебін сұрағандарға : Бұл жерде менің жиендік сыбағам жоқ деседі. Айналасы әбден әбігерге түсіп, жиеннің сыбағысы не екенін білмей дал болады. Ақыры бұл хабар нағашыларының үлкендеріне жетіп: "Жиеніміздің сыбағасын бермепсіңдер, өкпелеуі дұрыс",-депті. Сөйтсе, жиеннің сыбағасы дегеніміз бел омыртқа мен құйымшақтың ортасындағы қанатсыз кішкентай омыртқа екен. Әлгілер жіберген ағаттығы үшін Абайға арнап қайтадан көк биені сояды. Бұл- сыйластықтың, тектіліктің белгісі. Мен жүрген жерімнен осы жиеннің сыбағасы туралы әдейі сұрап жүремін. Өкінішке орай, мұны қазір ешкім білмейді. Өзімнің нағашыларым - таз, оларға барғанда да менің сыбағам қайда деп әзілдеймін",-дейді атамыз.

Қария әлі күнге дейін соғым сойған сәтінде қызының "құйымшағы" мен күйеу баласының "төсін" арнайылап алдарына сақтап қояды екен. Дәстүрге бай ел болғандықтан, барлық  нәрсеге байыппен қарауымыз заңдылық қой. Табақты тартқан былай тұрсын, табақ тартылған адамның да өз әдебі бар екен. " Бас ұстаған адам алдымен "бісміллә" деп малдың ерінінің  оң жақ тұсынан ауыз тиюі керек. Себебі мал шөп жегенде алдымен жерге тұмсығы тиеді. Содан кейін құлағын "құймақұлақ" болыңдар деп балаларға, таңдайын сөзшең болсын деп қызға береді. Тағы бір айтатын жәйт қазіргілер бас ұстаудың да ретін білмейді. Малдың басын ұстаған адам оның миына дейін алуы керек. Ал, қазір «сен ұста» деп қасындағы біреуге бере салады. Шын мәнінде, дастархан иесі сені сыйлағандықтан, батаңды алу үшін беріп жатыр ғой",-дейді ақсақал.

"Әкемізден, кезіндегі үлкендерден көре қалдық. Етті қонақ өз қалтасына салып жүрген бәкісімен тураған. Бұл да бір мәдениеттіліктің белгісі"-деп қариямыз қалтасынан шаппасын шығарып шарқ еткізді.  Айтуынша, атамыз бұл бәкісін той-томалаққа әлі күнге дейін алып барады екен. Қарап тұрсаң, қарияның сәні сықылды. Атамыздың айтқан әңгімелерінен біраз ойға қанығып, әдемі әсерге бөленіп қайттық.

А.САДЫКОВ
Сурет автордан
       

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT