Тәніміздің саулығы үшін саумал - таптырмайтын сусын. Коронавирус адамзаттың алқымынан алып, иммунитетіміздің қорғанысқа зәру кезеңінде жаңа сауылған бие сүтінің пайдасы ұшан-теңіз. Өйткені саумал ағзаның кез келген ауруға қарсы тұру қабілетін күшейтеді.
Табиғаты тым қолайлы болмаса да, жылқы өсіріп, бие сауып ырысын көріп отырған Доссорлық Теңелсін Құбай биылдан бастап саумал өндіруді қолға алған.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты құнды мақаласында былай деп қалам тербеген еді: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады». Иә, жылқы мініп, жаһанның жартысына жуығын бағындырған баһадүр бабаларымыз осы Қамбар ата түлігінің сүтін де сол замандарда азық етті. Бұл ретте қолда бардың қадірін біліп, енді өзімізден шығатын ұлттық сусындарға көңіл бөлуіміз қажет.
Доссор кентінен 15 шақырым қашықтықта «Жұмабай» атты жайылымдық жер бар. Жылқы өсіруге қолайлы мекенде Теңелсін шаруа кәсібін дөңгелетіп отыр. Жастайынан малдың жайын білетін ол ауданда алғаш жылқы малын өсіру шаруашылығын бастаған жандардың бірі. Осылайша ол ата кәсіпті жаңғыртып келеді. Ол мал шаруашылығымен осыдан он жыл бұрын айналыса бастаған.
Алғашқыда шаруасын 32 бас жылқымен бастаған ол бүгінде жылқы басын алпыстан асырып, өз кәсібін өрістетіп отыр. Кәсіптің ауыртпалығына қайыспаған шаруа биылдан бастап биелерін сауып, ағарғанның төресі - саумал, қымыз өнімдерін алуда.
Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі