Бүгін Доссор селолық ауруханасына «Теңіз» қалашығынан коронавирус жұқтырған азаматтарды орналастырады деген жалған ақпарат таралып, тұрғындар арасында түсінбеушілік орын алды.
Осы жағдайға орай К.Жандауов көшесіндегі Доссор селолық ауруханасының аумағында тұрғындар наразылығын білдірді. Мәселеге орай аудан әкімі Шәкір Кейкин және бірқатар жауапты қызметкерлер ауыл тұрғындарымен кездесті. Жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жасап, мазалаған сұрақтарына жауап берді.
Жауаптылар Доссор кентіндегі аурухана жанынан дайындалған бөлімше «Теңіз» қалашығынан вахталық әдіспен келетін аудан тұрғындарын профилактикалық мақсатпен орналастыру үшін дайындалған іс-шара екенін айтты. Сол себепті, аудан тұрғындарына әлеуметтік желі арқылы таралған жалған ақпаратқа сенбей, тәртіп бұзушылық жасамауға шақырды. Сондай-ақ, төтенше жағдай режимінің шектеу іс-шараларын қатаң сақтау қажеттігін айтты. Бұл оқиға туралы аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева: «Қазіргі уақытта Теңіз мұнай кеніші жұмысшыларынан вирусқа қатысты анализ қорытындылары зерттеліп, этапты түрде үйлеріне шығарылып жатыр. Осыған орай, кеніштегі ауысымдық жұмыстарынан өз үйлеріне қайтарылған жұмысшылардың еліміздің әр өңіріндегі отбасыларына, елді мекендеріне жеткенше төтенше жағдай режиміне сәйкес, оларды қауіпті індеттен сақтау мақсатында қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылуда.
Әлеуметтік желілер арқылы Доссор селолық ауруханасына «Covid-19» вирусын жұқтырған адамдарды жатқызғалы жатыр деген жалған ақпараттар тарап, тұрғындар тарапынан түсініспеушіліктер орын алды. Сол себепті жергілікті атқарушы орган және құқық қорғау органдары өкілдері тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жүргізіп, барлық сұрақтарына жауап берді. Қазіргі уақытта Республика көлеміндегі барлық ауруханалар карантин режимінде жұмыс жасап, осы тектес шараларды қабылдауда. Доссор кентіндегі аурухана жанынан дайындалған бөлімше Мақат ауданы бойынша пандемияға қарсы сақтық іс-шараларының бір түрі деп қабылдауларыңыз қажет»,- деп түснік берді.
Ал, төтенше жағдай режимін бұзған және жалған ақпарат таратқан, сондай-ақ заңсыз митингті ұйымдастырушыларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274, 400-баптарына сәйкес және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес тиісті жауаптылыққа тарту туралы құзырлы органдарға хабарлама жолданған. Қазіргі таңда кентте жағдай тұрақты.
Өз тілшіміз