Аудан аумағында 23 және 30 қараша күндері аралығында «Қауіпсіз дөңгелек» атты рейдтік акциясы өтті. Іс-шара аясында аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары күшейтілген режимде көлік жүргізушілеріне бірқатар ескертулер мен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Яғни патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерге көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау қажеттілігі туралы ескертті. Олар жүргізушілерді жолға шықпас бұрын автокөліктің жай-күйіне және оның техникалық жарамдылығына байыппен қарауға шақырды. Сонымен қатар жол жамылғысының жағдайын ескере отырып, қауіпсіз жылдамдық пен қашықтықты сақтап, қауіпті маневрлерден бас тартып, кенеттен тежелуден аулақ болу қажеттігін еске салды.
Ережеге сәйкес автокөліктер 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін қысқы дөңгелекпен жүруі керек. Осы жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін көлік жүргізушілерге ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал айыппұл мөлшері бес айлық есептік көрсеткішке тең.
«Қараша айынан бастап ауа райы күрт нашарлайтыны белгілі. Адамдар бұған бірден үйрене алмайтындықтан, қысқы жолда жүру кезінде ауа райының қозғалыс режимдеріне әсерін, жауын-шашын кезінде көрінудің төмендеуін, сондай-ақ автокөлік тежелісінің ұзаруын және оны басқаруға әсер ететін жол төсемінің ілінісу қасиеттерінің өзгеруін ескеру маңызды екенін еске саламыз. Заңнамаға сәйкес қысқы кезеңде қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын есте сақтау қажет. Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап отыруы тиіс. Егер ауа райы нашарласа, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеуі керек»,- дейді құқық қорғау қызметкерлері.
М.СЕРІКҚЫЗЫ