Баспасөзге жазылу науқанының аяқталуына бір айға жуық уақыт қалды. Дегенмен бұл күні ауданымызда газетке жазылу көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Республикалық басылымдарды айтпағанда, өңірлік, жергілікті газеттерге жазылушылар саны аз.
Осыған орай аптаның сейсенбісі күні аудандық «Қазпошта» мекемесі ғимаратында «Жазушылар күні» атты ашық есік күні ұйымдастырылды.
Басылымға жазылуға қатысты аудандық пошта байланыс торабы мекемесінің басшысы Әсел Әмірбекова қоғамдық көзқарастың қалыптасуында газеттің рөлі маңызды екеніне тоқталды.
«Халықтың газетке қызығушылығын ояту мақсатында ашық есік күнін ұйымдастырған болатынбыз. Бұл акцияның мақсаты – сауаттылықты арттырып, оқырмандарды газетке жазылуға шақыру және «Қазпошта» қызметтерін көрсету. Бұл келесі жылдың екінші жартыжылдығында да қолға алынатын болады. Айта кетейін, жазылуға кеңес беріп отырған басылымдар – нақты дерек көздерінен алынып, шынайы ақпарат жариялайтын газеттер. Сондай-ақ,өңірде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болу үшін, оқырмандарды жергілікті газетке жазылуға шақырамыз!»,- деді Әсел Әмірбекова.
Акция барысында оқырмандарға арнайы фуршет ұйымдастырылып, лотерея билеттері ойнатылды. Ал тұрғындар арасында жергілікті басылымды үзбей оқитындықтарын жеткізіп, науқаннан қалыс қалмағандар да бар. Аудандық пошта байланыс торабы мекемесінің дерегінше бұл күні газетке 23-ақ адам жазылған.
Айта кетейік, «Қазпошта» жазылымынан бөлек, редакция газетке жазылу науқанында оқырмандар үшін жеңілдік ретінде балама жазылуды қолға алған болатын. Редакциядан балама арқылы газетке жазылу сәл арзанырақ. Дегенмен жазылушы апта сайын газетті редакциядан алып кетуі қажет болды. Өйткені жеткізу қызметі тек ұжым болып жазылған оқырмандарға қарастырылған.
Бірінші жартыжылдыққа жазылу науқанында аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмағұлов пен әлеуметтік кәсіпкер Эльмира Мусина қолдау білдірді. Олар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі 20 тұрғынға демеушілік танытып, оларды газетке жаздыруға өз септіктерін тигізді.
Бүгінгі күнге дейінгі мәлімет бойынша «Қазпошта» торабы арқылы 350-ге жуық, ал балама бойынша 330-жуық оқырман «Maqat tynysys» газетіне жазылып отыр. Бұл әрине отыз мыңнан астам халқы бар аудан үшін төмен көрсеткіш екені сөзсіз. Сондықтан да, шынайы ақпарат алғысы келетін оқырмандарды бұл науқаннан қалыс қалмай, газетке жазылуға асығуға шақырамыз!
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі