Қайырымдылық – халқымыздың қанына сіңген игі қасиет. Оны жоғалтып алмау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің басты борышымыз. Бүгінде ауданымызда «біреу – біреуге сүйеу» деген ұстанымды ұстанып, қайырлы істің ұршығын иірген жастарымыз жетерлік. Және олар нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, көпке үлгі болып жүр.
Аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз Дияс Мұхтарұлының еміне қолдау көрсету мақсатында «Диаспен біргеміз» атты қайырымдылық концерті өтті. Концертте аудан өнерпаздарымен қатар, ауданымыздан түлеп ұшқан және Атырау қаласынан келген өнерпаздар да өнер көрсетті. Атап айтқанда «Шаттық» үлгілі би ансамблі, халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің мүшелері: С.Айдарғалиева, Е.Мұсаев, Е.Бекболат, М.Қазбеков, А.Хабиболлаева, дәстүрлі әнші Ж.Базарбаев және ауданымыздың эстрада әншілері Р.Әлиева, Б.Арыстанов, Г.Ищанғалиева, Б.Қылыш, А.Шоқанқызы, С.Маңғыстау өнер көрсетіп, жиылған көрерменнің көңілінен шыға білді. Одан бөлек, кеш қонақтары Мерей және Мейіржан Қабдоловтар мен Қуаныш Кеңес әуезді ән айтып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Ал сахнада аймақтық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері Нұрбек Сарбасов пен халықаралық, республикалық, аймақтық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері Анварбек Садықов сынды ақындарымыз ұлттық өнерімізді жандандырып, тартысты өнер көрсете білді.
Шара соңында аудандық мәдениет үйінің басшысы Кенжебике Төлебаева қорытынды сөз сөйлеп, концертте өнер көрсеткен барша өнерпаздарға және қолдау білдірген көрермендерге өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ кеш қонақтары М.Қабдолов, М.Қабдолов, Қ.Кеңес және Б.Қылышқа өз атынан арнайы алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, аталған шарадан түскен қаражат жерлесіміз Диас Мұхтарұлының еміне аударылды. Каспи голд: 8 702 463 71 75 Балыш О
Ә.ҚАСЫМ