Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Еңбек адамдарының жұмысын насихаттауды мақсат еткен байқауға бес жүзден астам еңбеккер қатысқан. Олар «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша бақ сынады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Еңбек жолы» конкурсына өтінімдер 1 сәуірден қабылдана бастаған. Биыл аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде екі бірдей номинация бойынша аудан қатысушылары жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. «Үздік еңбек әулеті» атанған теміржолшы Мырзағалиевтер әулеті және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атанған «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ның энергетика бөлімінің басшысы Жұмабай Абдулов мерейлі шараның куәгері болып қайтты.
Облыстық кезеңде қатарынан екі жыл үздік атанған Жұмабай Нұрбайұлы бұл жолы республика бойынша үшінші орын жеңіп алып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қолынан марапатқа бөленді. Қырық жылға жуық уақыт энергетика саласында тер төккен конкурс жеңімпазы ұзақ жылғы еңбектің еленуі жастардың жұмыс істеуге құлшынысын арттырады дейді.
«Жұмыстың ауыры да. жеңілі де болды. Оның бәріне шыдап еңбек етіп келеміз. Жастарды үйретуден жалыққан емеспіз. Жалықпаймыз да. Өзіміз білген тәжірибені үйретуге талпынып жүрміз»,- дейді Жұмабай Абдулов.
https://youtube.com/shorts/Xsy7AXBay7Y
Байқауды ұйымдастырушылар мұндай шара еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, кәсіпорындар мен мекемелерде жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына сеп болады дейді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА