«Өнегелі жолы көпке үлгі...»

«Өнегелі жолы көпке үлгі...»
(0 Votes)

Халқымыз қашан да қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, олардың әрбір атқарған ісіне құрметпен қараған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны да соның бір дәлелі болғандай.

Жалпы алғанда қандай қызмет түрі болмасын аса жауаптылықты талап ететіні сөзсіз. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзіне артылған жауаптылықты жете түсініп, қыстың ысқырық аязымен, жаздың аптап ыстығындағы құбылмалы ауа-райына қарамастан еңбек етіп жүрген нағыз еңбек адамдары. 

 Осындай еңбекқор тұлғалардың бірі - Беркінғали Сәрсенғалиев. Ол жастайынан еңбекке ерте араласып, бүгінгі жас ұрпаққа өзінің өнегелі жолымен үлгі болып жүрген ел ағасы.

Кейіпкеріміз Беркінғали Қыдырғалиұлы 1965 жылы Мақат кентінде көпбалалы отбасыда дүниеге келген. Алғаш мектеп табалдырығын 1972 жылы Х.Санбаев атындағы орта мектебінен аттап, 1982 жылы оқу ордасын 10 жылдық біліммен тәмәмдаған. Сол жылдан бастап Мақат кентіндегі Мақат желілік өндірістік басқармасында оператор қызметін атқарған. Кейіннен 1986 жылы Саратов қаласындағы құрылыс техникумына оқуға түсіп, оқу орнын аяқтаған соң жергілікті жердегі «СМП-137» мекемесіне алғаш жұмысқа орналасқан. Мекеменің жабылуына байланысты он қолынан өнер тамған шебер жолдасымен бірге ағаш бұйымдарын дайындайтын шеберхана ашып, ел игілігі үшін қызмет атқарған.

Өмір жолын Злиха Сәрсенғалиевамен бірге тоғыстырған ол, еңбек жолын жұбайымен бірге 2005 жылдан бастап №2 бастауыш мектебінде жалғастырған. Өзі жылыту қазандығының операторы болса, жұбайы вахтер қызметінде еңбек етіп келеді.

«Біздің білім ордамыз – тату ұжымның үлгісін көрсетіп жүрген мектептердің бірі. Әрі білікті ұстаздар бас қосқан үлгілі мектеп. Соның бір дәлелі, мектебіміз былтырғы жылы республика бойынша үздік бастауыш мектеп атанды. Оны біз мақтанышпен айта аламыз. Осындай іргесі мықты білім ордасында, қарапайым еңбек адамдарымен ұжымдас болып жүргеніме мақтанамын. Осы мектепте ашылғаннан бастап өзім де, жолдасым да қызмет етіп келеміз. Қарап отырсам жиырма жыл уақыт өтіпті. Бүгінде зейнеткерлік жасқа таяп қалдым. Біздің жас кезімізде жұмыс күші аз болды. Жұмыс таңдамай еңбек етудің жолын іздейтінбіз. Соның нәтижесінде мол іс-тәжірибе жинақтап, кейінгі ұрпаққа білгенімізді үйретіп жүрміз. Алайда, соңғы буын жастарымыздың кейбірі қара жұмыстан қашатын болған. Барлығы бірдей жұмсақ үстелде, еңбекақысы қалтаны қампитатын жұмыс жасағысы келеді. Санасындағы жұмыс түрі табылмаса, бос уақыт өткізіп жүре беруден тайсалмайды. Қазір еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Сондықтан да өскелең ұрпақтың оқуға, білімге ұмтылып, адал қызмет етулерін тілеймін. Өйткені іргесі мықты мемлекеттің болашағы – білімді жастардың қолында»,- дейді Беркінғали Сәрсенғалиев.

Бір отбасының тірегі, аяулы жар, үш баланың әкесі атанған Беркінғали Қыдырғалиұлының еңбегі бүгінге дейін елеусіз қалған емес. Ол «Мақат ауданына 100 жыл» мерекелік медалі және аудан басшыларының алғыс хаттарымен марапатталған.

Б.Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT