Мақаттық етікші аяқ киім тігуді қолға алды

(1 Vote)

Біз үй майлап, темір балқытып, қар тазалап, көше сыпырып, ауыр кран бағындырып, үлкен көліктерді жүргізіп ер азаматтарға бергісіз жұмыстарды жасап жүрген қайсар әйелдерді жиі кездестіреміз. Бұған көзіміз де үйренді. Алайда, былғарыдан етік тігіп, одан несібесін молайтып отырған қыз-келіншектерді көп байқай бермейміз.

Ауданымызда танауына желімнің иісі біткен, оң саусағынан өнер тамған шебер әйел бар. Иә, біз есіміне "етікші" деген сөз қосарланып жүретін Гүлдана Құдайбергенқызы жайында айтқалы отырмыз. Кәсібінің нәсібін көріп, біз бен қайшыны жанына серік еткен ол - аталған салада 20 жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келеді. «Ерінбеген етікші болады» демекші қайсар әйелдің жұмысы да  көпті таңғалдырып келеді.

Бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, ішің жылиды. Таң шапағымен таласа тұрып, күн батып, қас қарайғанша біз бен тебенді жанына серік қылатын Гүлдана - 1983 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында дүниеге келген. 2002 жылы ауданға келін боп түскен ол бұл кәсіпті жолдасының қолдауымен 2006 жылы бастаған.

Алғашында аяқ киім жөндеу, айналдырып тігу, жыртылған жерлерді жамау жұмыстарын үйден бастаған кәсіпкер әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар көмегіне жүгініп, кәсібін әрі қарай дамытқан. Орталық базардан шеберхана ашып, халыққа сапалы қызмет жасап келе жатқан кейіпкерімізді бүгінде барша аудан тұрғындары таниды. Шебердің қолының ебі мен тиянақтылығына да дүйім жұрт тәнті. Осы ретте біз етік тігіп, ел алғысына бөленіп жүрген Гүлдана Тағабергенқызымен әңгімелескен едік.

whatsapp-image-2022-06-30-at-08_57_39-1

— Халықтың алғысын арқалап жүрген жансыз. Шеберлігіңізге шек жоқ. 20 жылға жуық уақыттан бері халыққа тыңғылықты қызмет етудесіз. Сіз таңдаған жол күрделі, әрі шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Етік тігу - инемен кесте тігу секілді кез келген адамның қолынан келе бермейтінін білеміз. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Қандай мақсатпен аяқ киім тігуді қолға алдыңыз?

— 2006 жылдары жұмыс табу қиын еді. Оның үстіне менде жұмыссыз болдым. Жас келін болғасын, үй шаруасы, келіндік қызметпен қатар жүретін жұмыс қажет болды. Ойлана келе еркін кесте бойынша, қолың босаған уақытта айналысатын жұмыс керек деп шештім. Осы уақытта көптеген адамдар дүкен ашып, сауда-саттықпен айналысып, күн көрудің қамына кірісіп жатты. Біз не ашамыз, не жасаймыз деп көп ойланбадық. Мен халыққа қызмет ету саласын таңдадым. Жолдасыммен ақылдасып, екеуіміздің құптасуымызбен аяқ киім тігіп, қызмет көрсетеміз деп шештік. Күнделікті нәпақаны табу, қосымша табыс көзі деген оймен осы салаға бет бұрдық. Бұл кәсіпті бастаудағы алғашқы мақсатым халыққа қызмет ету болса, әу бастағы ойым балаларымды еңбекке баулу болды. Жастайынан балға ұстап көрсін, білсін, үйренсін деген ойда болдым. Балалар ата-анаға қарап бой түзейтін болғасын бізге қарап үлгі алсын деп ойладым. Осы мақсатпен жолдасым екеуміз бірігіп бастап, алғашқыда екеуіміз бірге жасадық. Одан кейін, ер адам түздің жұмысын жасап жүріп, кәсіпке үлгеру қиынға соққасын әрі қарай өзім жалғап, өзіме дамытуға тура келді.

Өз кәсібіңізді заман ағымымен бірге дамытып келесіз. Шеберханаңызда небір технологиялық құрал-жабдықтар бар. Балтыр кеңіту, былғарыны жұқарту, тарылту, табан айналдыру, тағы да басқа жөндеу жұмыстарын ұсынып келесіз. Бүгінге дейін 200 мыңға жуық аяқ-киімді жөндеуден өткізіпсіз. Күніне неше тұтынушының аяқ киімін қабылдайсыз?

— Иә, өз кәсібіміз бен шеберлігімізді жылдан-жылға дамытудамыз. Себебі заман талабына сай әр түрлі аяқ киімдер сәнге айналуда. Сол себепті біздің жұмысымызға сұраныс жоғары. Қазіргі адамдар сапалы өнім мен әдемілікке құмар. Қалай болса солай тіге алмаймыз. Бұрынғыдай әженің салған жамауындай жамау сала алмаймыз. Әр уақытта сапалы нәтиже көрсетіп, дамып отыруға ұмтыламыз. Заман ағымына сай, шеберханамызды түрлі аппараттармен толықтырдық. Оның ішінде бояу, аяқ киім тарылтатын, кеңітетін тағы басқа түрлі құралдарды алдық. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие де алып, өзіміздің де жиған-тергенімізді қостық. Осылайша ілгері дамып жатырмыз. Абайдың мынадай сөзі бар ғой "Ретін тауып істеп, кісісін тауып сұранып" деген. Білетін, көзі көрген адамдардан ақыл-кеңес сұрап, былайша айтқанда көптің ақыл-кеңесін сарамға салып ілгері дамуға машықтанып жатырмыз. Бүгінге дейін тапсырыс жазылған 10-нан астам қалың дәптерді аяқтадым. Қысқы уақытта күніне шамамен 30-дан астам аяқ-киімді қабылдасам, жазғы мезгілде жұмыс едәуір азая түседі.

whatsapp-image-2022-06-30-at-08_57_37-1

Астанада "Самғау" етікшілік курсына қатысып шеберлігіңізді шыңдап келдіңіз. Қазір былғарыдан етік тігу жұмыстарымен айналысып жүрсіз бе? Тапсырыс беруге бола ма? Жалпы етік тігу, пішу, қағазға түсіру жұмыстары жөнінде айтып берсеңіз?

— 2021 жылы жолдасым екеуміз Самғау Нәсіпханның 1 айлық етікшілік курсына қатысып келдік. Кәсіби шеберлігімізді одан әрі дамыту мақсатында тұтастай аяқ киімді тігуді үйренуге бардық. Жалпы аяқ киімді тігудің барысын білеміз. Алайда арнайы ұстаздан, жақсы шеберден сабақ алғымыз келді. Былайша айтқанда оқушы секілді кәсіби біліктілікті арттыратын партаға отырғымыз келді. Қазақтың біртуар шебер жігітінен ойымызды жүзеге асыру үшін барып, дәріс алдық. Жолдасым қалыптау, тарттыру курсынан өтті де, мен дайындау, тігу курсын оқыдым. Аяқ киім ол бір күнде пішіп тігіле салмайды. Бір етікті жасау уақыты 10-30 күн аралығын қамтиды. Яғни, сапалы, төзімді етік ұзақ уақытта жасалады. Әзірге етік тігуге тапсырып қабылдай қоймадым. Бірінші ағайын-туыс, дос-жаран дегендерге тігіп жатырмыз. Қазақтың керемет сөзі бар "Кілем сатсаң ауылдасыңа сат, бір шетінде өзің отырасын деген" менде осы ұстаныммен өзіміз жасаған өнімді әлі сатылымға шығара қоймадым. Үйдегілерге, балаларыма тігіп жүрмін. Қай жерінде кемшілігі бар, аяқты талдырама, оның кию барысында тез тозама соның бәріне баса назар аударудамыз. Былайша айтқанда шеберлігімді ұштап, даярлап жүрмін. Етік тігіп жүрсіз бе, тапсырыс берсек бола ма деп сұрап жататындар көп. Негізі клиенттердің басты сұрағы осы. Етік тігу ол жылдар бойы қалыптасады. Мен енді бастап жатырған адаммын, жоғарыда атап өткендей тек өзім деген адамдарға тігіп жүрмін. Әзірге қол үйретіп жүргендіктен тапсырыс қабылдап жатқан жоқпын. Бірақ, болашақта сапалы аяқ кимідерді тапсырыспен жасау жоспарымда бар.

  Аяқ киімге қажетті сапалы табан, желім құралдарын қайдан аласыз? Былғарыны арнайы тапсырыспен алдыртасыз ба?

—  Құрал-жабдықтарды Алматыдан алдырамын. Алматыға Түркия, Ресей тағы да басқа елдерден келеді. Нақты Қазақстанда аяқ киім тігуге қажетті материалдар жоқ. Тек тері болады. Бірақ, Қазақстандық терілердің сапасы бәрібір төмендеу. Түркияның терілері қымбаттау келеді. Бірақ сапасы жоғары, тігілу жолы оңай келеді. Кейде Ресейден тапсырыспен алдырамын. Қазір интернет ауқымы кеңейіп жақсы болды ғой. Кез келген елден қажетті нәрсемізді алдыруға мүмкіндігіміз бар.

Шеберханаңыз аяқ киім жөндеу қызметін ұсынып қана қоймайды. Тұрғындарға қажетті кілтке қосымша дайындау қызметі де бар екен. Қандай кілт түрлерін жасайтыныңыз жөнінде атап өтсеңіз?

— Ауданда кілтке қосымша жасату үшін облыс орталығына баруға мәжбүрміз. Сол себепті кілт жасау аппаратын алған болатынбыз. Біреуі көлденең (горизонтально), екіншісі тік (вертикально). Кілттің түрі өте көп. Английский замок, Финский замок, Плашковый т.б.  түрлері бар. Негізінен қарапайым кілттерді жасап жүрміз. Бөлме және кабинет кілттерін.  Аппаратты өзіме ыңғайлы бағада қолымды үйретуге алдым. Аса қымбат емес. Сонымен тапсырыстарды өзімізге тәжірбие ретінде жасап жүрміз.

— Алдағы уақытта шеберханаңызды қандай технологиялармен толықтырмақшысыз? Қандай жоспарларыңыз бар?

— Алла бұйырса, аяқ киім тігу шеберханама тазалау аппаратын алғым келеді.  Негізі химиялық тазалау аппараты бар. Бірақ ол толыққанды емес. Себебі, аяқ киімді тазалап жуғаннан кейін ол түсін жоғалтады, түрі кетеді, өңін бұзады. Ол үшін оны жаңарту керек. Қазіргі таңда, аяқ киімдерге аса қатты мән береді. Түсін қайта қалпына келтіру үшін бояу қажет. Көптеген химикаттар болады. Былай айтқанда аяқ киімнің косметологиясы деп аталады. Соны дамытқым келеді. Қазір осы бағытты ойластырып жүрмін.

— Гүлдана Құдайбергенқызы жүйелі сұхбатыңызға рақмет! Осындай ерекше өнеріңіз арқылы көпшіліктің ықыласына бөленіп жүре бергейсіз!

 

А.Жұмабергенқызы

Сурет автордыкі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT