Ауданымызда еңбегімен еленген, ісі сүйсіндірген жастар жетерлік. Оларды газетіміздегі көпшілік сүйіп оқитын «Мақат маңайынан...» атты айдарымызға арқау етіп келеміз. Бүгінгі шығарылымдағы кейіпкеріміз жастайынан еліміздегі тұңғыш қазақ-американ кәсіпорны атанған «Теңізшевройл» компаниясына қызметке араласып, бүгінде аталмыш мекемеде Жобалар департаментінің жобаларды бақылау бойынша талдаушысы болып қызмет атқаратын – Тұрғұт Дюсов.
Ол 1993 жылы Мақат кентінде қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген. Жалпы әкесі Елтай Досқайырұлының атақонысы Жылыой ауданы. Кезінде атасы жұмыс бабымен Мақатқа қоныс аударып, осы жерде тұрақтанып қалады. Атасы Досқайыр Дюсов Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарында басшылық қызмет атқарған жан болса, нағашы атасы Ұлы Отан соғысының ардагері, "Құрмет" орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы - Есбол Оңайбаев. Осындай текті тұлғалардан туған Тұрғұт бала кезінен білімге құштар, алғыр да зерек болып өседі. Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ бойындағы өз дарынымен дараланып, білім бәйгелерінен оза шапқаны өз алдына, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, қатарластарына үлгі ретінде танылады.
«Есімімді әкем қойған. «Тургут» түріктің есімі. Қазақша «Тұрғұт» деп аударылады. Кезінде Түркияның Президенті болған Тұрғұт Өзал мен туылған 1993 жылы дүниеден өтеді. Әкем сол кісінің құрметіне мені Тұрғұт деп атады. Себебі 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігін әлемдік деңгейде алғаш боп мойындаған сол Тұрғұт Өзал еді»,- деді есімінің ерекшелігі туралы сұрағанымызда кейіпкеріміз.
Тұрғұт 2001-2012 жылдары Л.Шахатов атындағы орта мектебінде білім алып, мектепті ҰБТ нәтижесі бойынша "Алтын белгі" иегері атанып аяқтайды. Мектепті бітірген соң, 2012 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ Техникалық университетіне ішкі грант негізінде "Экономист" мамандығына оқуға түседі. Студент кезінде де өз белсенділігімен көзге түскен ол университетті үздік аяқтайды. Сөйтіп, 2016 жылғы түлектер арасындағы "Үздік 25 түлектің" қатарына енеді. Ал, оның экономист мамандығын таңдауына анасының жұмысы түрткі болған.
«Шынымды айтсам, менде экономист боламын-ау деген ой болмапты. Бала кезімде теледидардан салауатты өмір салтын дәріптейтін түрлі бағдарламаларға қызығып, өскен соң дәрігер боламын деп айтатын едім. Бірақ ол жай бала арман болатын. Жалпы анам ұзақ жылдар бойы Мақат желілік-өндірістік басқармасында есепші болып еңбек етті. Сол кезде есеп-қисаптың көптігінен анамның жұмысы ұзаққа созылатын. Әкем анамның мекемеде жалғыз қалып, кештетіп жұмыс істегенін қаламайтын. Сондықтан анам жалғыз болмасын деп, оның жанында түн ұзаққа дейін мен бірге жүретінмін. Сол кезден бастап компьютер, калькулятор, принтер, факс, сканнер сияқты қарапайым халықтың қолы жетпейтін заттармен таныстым. Бәлкім сол балалық шақтағы әсерден шығар, бір жағынан анамның қалауымен "экономист" мамандығын таңдадым»,- деді Тұрғұт.
Жас маман бакалаврды аяқтаған соң, магистр дәрежесін алуды мақсат етеді. Сол 2016 жылы KBTU МВА (Master of Business administration - Іскерлік Әкімшілік) бағдарламасы бойынша магистратураға түседі.
«Магистратурада оқып жүргенімде 2017 жылы мамыр айында «Теңізшевройл» компаниясы «Болашақ-Атырау» мердігер мекемесі арқылы Алматыда бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізетінін университетте бірге оқыған достарымның бірінен естідім. Сол досым екеуміз жәрмеңкеге аяқтай барып, өтініш тастадық. Группаласым сайыстың барлық кезеңінен өтіп, бірақ сол жолы жұмысқа орналаса алмады. Алайда, Алланың маған берген мүмкіндігі болар, сол досымның арқасында бағымды сынап, барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, «Теңізшевройл» компаниясы мені Қаржы департаментіне жұмысқа шақырды. Әрине, бұл ұсыныстан мен бас тарта алмадым. Бірақ бір жағынан магистратурадағы оқуымды тәмамдауға 4 ай ғана уақыт қалған болатын. Сол кезде ҚБТУ басшылығы рұқсат етіп, магистратурада оқып жатқан жерімнен аяқ асты мұнайлы астана Атырауға келдім. Ал, магистратурамды орта жолда тастамай, емтихандарға ұшақпен барып қатынасып, аяқтадым»,- деді талапты жан.
2017 жылы «Теңізшевройл» компаниясының Қаржы Департаментіндегі Есеп бөліміне жас маман болып орналасқан ол, сол уақыттан бері мұнай саласында үздіксіз 5 жыл бойы еңбек етіп келеді. 2018 жылы өзін дәлелдеген Тұрғұт ТШО Қаржы департаментінің Бизнесті Қаржылай қолдау бөліміне ауысады. Бұл бөлімде жүріп мекеменің бизнес-жоспарлау процесіне қатысып, тәжірибе жинайды. Кейін, 2019 жылы өз қалауымен әрі басшылықтың қолдауымен «Теңізшевройл» компаниясының Жобалар департаментіне ауысып, бүгінгі күнге дейін жобаларды бақылау бойынша талдаушы позициясында еңбек етуде.
«Соңғы үш жылда «Теңізшевройл» компаниясының құбырларды жөндеу, техникалық қызмет көрсету, автоматтандыру жобаларына сондай-ақ, активтерді істен шығару, инфрақұрылымды жобалары мен 3GP ірі ауқымды жобаларының шығыны жағынан жауапты болып келдім. Қазіргі лауазымымда әр жыл сайын бизнес-жоспарлау ісі мен ТШО-ның Қазақстандық үлесін анықтау процесіне қатысып келемін. Жұмысым бизнес серіктестермен тығыз байланысты болғандықтан, көптеген мердігер мекемелермен тікелей жұмыс істеймін»,- деді өзінің қызмет бабына қысқаша тоқталып өткен талдаушы.
Тұрғұттың әлеуметтік желідегі парақшасынан өнер мен спортқа жақын екенін аңғаруға болады. Ол студент кезінде шахмат үйірмесіне қатысып, гроссмейстер Евгений Владимировтен дәріс алған. Бүгінде шахмат тақтасында әкесімен ғана кездесіп тұратын ол әртүрлі платформалар Chess.com, Lichess.org арқылы ойынға деген қабілетті шыңдауға болатынын айтты. Сондай-ақ, оның футбол спортына деген қызығушылығы жоғары. Студент кезінде Алматының әуесқой футбол лигасында өнер көрсеткен. Бұл спорт түрімен әлі де шұғылданады. Қазіргі таңда «Теңізшевройл» құрамасының сапында Қазақстанның мұнай компаниялары арасындағы турнирлерде намысты қолдан бермей келеді. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт өнерден де құр алақан емес. Алматыға алғаш қадам басқан сәттен республикалық телеарналарда жүргізілетін сан түрлі зияткерлік сайыстарға қатысып, бұл салаға қызығушылығы оянған.
«Қазіргі жұмыс орныма орналаспас бұрын, Алматыда білім алып жүрген кезімде қалада болатын көптеген теле және кино кастингтерде бақ сынап жүрдім. Соның нәтижесінде отандық бірнеше фильмдер мен телехикаялардың түсірілімдеріне қатыстым. Тіпті бір сериалда маған эпизодтық рөл бұйырған еді. Қазір Атырауда болғандықтан кинотүсірілімдерден алыстағаныммен, өнерден алыстамадым. Компанияның қоғамдық бейне роликтерінде әлсін-әлсін төбе көрсетіп тұрамын. Мекемеміздегі сан түрлі шығармашылық кештерді де жүргізу менің мойнымда»,- дейді сері жігіт.
Ән айту қабілетімен де ерекшеленетін Тұрғұт қоңыр дауысымен талай кештің көркін қыздырып, сәнін кіргізеді десек артық айтқандық емес. Ол 2019 жылы «Теңізшевройл» компаниясының тарихында алғаш рет ұйымдастырылған "Таланттар шоуы" байқауының бас жүлде иегері.
«Жалпы ән айту қабілетім әкем жағынан дарыған деп есептеймін. Себебі арғы атам да, атам да музыкаға жақын болған кісілер деп айтады ата-анам. Әжемнің де ән айтқанда дауысы керемет еді. Кішкентайымнан арнайы бір музыкамен айналысайыншы деген ойым болған жоқ. Дегенмен де сол 90-жылдардың соңында танымал болған скрипкашы Ванесса Мэйдің клиптерін көріп, үйдегілерге скрипка алып беріңіздерші деп қолқа салатынмын. Кейін ағам скрипка сыйлаған еді маған, бірақ Мақатта бұл аспап түрінен дәріс алатын ұстаз болмады. Әкем болса, кішкентайымнан өнерге деген құлшынысымды байқап, қолдап жүрді. Себебі балабақшадан бастап-ақ мен әнге, биге жақын болатынмын. Тіпті "Әнші балапанда" да бағымды сынап көрген едім»,-деген Тұрғұт уақыт өте келе бағытын өнерге қарай бұруы мүмкін екенін айта кетті.
Өйткені әкесі баласының бойындағы таланттың өшпегенін қалайды.
«Еліміздің мықты техникалық университеттерінің бірі болып есептелетін ҚБТУ-ға грант жеңіп алғанымда, сонда білім алу бәрімізге логикалық тұрғыдан дұрыс болып көрінді. Алайда, әкем сонда да мені иә актер, иә әнші мамандығына түскенімді қалады. Әкемнің айтқан сөздерінде шындық бар болғанына енді ғана көзім жетуде. Себебі, менің ойымша, табиғат берген қабілеттерді дұрыс бағытта пайдаланбасаң, сол қырларың саған кері әсерін береді. Сондықтан да мұндай процесс өзіме кері әсерін тигізбес үшін бос уақытымды өнерге арнаймын»,- дейді Тұрғыт.
Бірі білсе, бірі білмес Кеңес Одағының және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов Тұрғұттың әкесі жағынан туысқаны болып келеді. Оның өнерге жақындығының бір сырын осыдан аңғарсақ та болады.
«Асанәлі көкемді 2003 жылы алғаш рет көргенмін. Сол кезде Мақатқа, біздің үйге қонақ болып келген. Мені алғаш рет көрген көкем: «Мынау есейгенде съемкада жүретін бала ғой» деп айтқаны есімде. Сол қонақтықта Асанәлі көкем маған қойдың құлағын асатып, өз батасын берген болатын. Бәлкім сол кездегі берілген батаның қасиеті бекер кетпесінші деп пе, әкем менің ТШО-ға жұмысқа орналасқаныма дейін мамандық өзгертуге кеш емес екендігін айтып келді»,- деді ол өткен күннен сыр шертіп.
Десе де, еліміздің мұнай саласындағы флагмандарының бірі болып саналатын, аты әлемге әйгілі ТШО-да қызмет ету кімге де болмасын үлкен мәртебе. Ал, Тұрғұттың осындай алпауыт мекемеде еңбек етуі үлкен еңбектің, көп жылғы тертөгістің нәтижесі. Сондықтан, әзірше бойдағы дарынды хобби ретінде қалдырып, өз саласында үздік болуға талпынып келеді.
Тұрғұт қарапайым отбасының кенже ұлы. Өзінен бұрын қамқор ағасы мен әпкесі бар. Ағасы - Тұрар анасы сыңайлы газ саласында қызмет етеді. Қазіргі таңда "Интергаз Орталық Азия" мекемесінің Атырау Магистралды Газ Құбырлары басқармасында алдыңғы қатарлы басқарушы. Ал, әпкесі - Құралай ауданның жастар саясатының дамуына үлес қосқан жандардың бірі. Әкесі Елтай ұзақ уақыт жеке кәсіппен айналысса, анасы Айша газ өндірістік саласына 35 жылын арнаған, еңбегі елеулі зейнеткер. «Әкем қазақтың көптеген руларының шежіресін жақсы біледі, әр аймақтың тарихымен де жақсы таныс. Сондай-ақ, ол "Шеркешнама" кітабының шығуына үлесін қосқан шежірешілердің бірі. Анам бос уақытында шахмат, тоғызқұмалақ ойындарымен айналысады. Әдеби кітаптарды да сүйіп оқиды»,- деді ата-анасы жайында толғанған ұл.
Тұрғұт жұмысына жауапты жан. Ата-ана берген тәрбие мен алған білімін ұштастырып, бес жыл ішінде біліктілігін дәлелдеп келеді. Әріптестерінің арасында да сый-құрметке ие.
«Абайдың мына сөздері: "Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек" менің өмірлік ұстанымым. Ақылымызды жақсы біліммен арттыра жүрсек, қайратымызды әлсіретпей, жүрегімізде иман болса, көптің арасынан суырылып шығып, әйтеуір дегенде қоғамдағы нақты бір орныңды таба аласың. Сондықтан өзімнен кейінгі жас буынға берер кеңесім - уақытты бос нәрсеге құртпай, пайдалы һәм берекелі істерге көп мән беріңіздер дегім келеді»,- деп сөзін қорытындылады Тұрғұт.
Иә, қазақтың қасиетті топырағында жаралып, Тәуелсіздікпен бірге жасап келе жатқан азамат халыққа қызмет ету – абыройлы міндет екенін айтады. Жас та болса жауапты қызметке араласып үлгерген маман алдағы уақытта да елдің дамуына барынша үлес қосуға ниетті. Оның өз саласында шыққан шыңдары жұрт ауыз толтырып айтатын ТШО-да сұранысқа ие маман болу алынбайтын қамал емес екендігінің дәлелі.
М.ІЗТҰРҒАНОВА