Мақат стансасы арқылы тәулігіне 25-тен астам жолаушы және 45-тен астам жүк пойызы өтеді. Сондықтан тоғыз жолдың торабы - өте қауіпті аймақ саналады. Дегенмен мұны елемейтіндер көп. Күні кеше теміржол бойындағы рұқсат етілмеген жерден өтіп бара жатқан тұрғынды пойыз қағып кетті. Жол қысқартамын деп опат бола жаздаған бәйгетөбелік келіншек қазір Атырау облыстық ауруханасында жатыр. Бұл - ауданда 2013 жылдан бері тіркелген екінші оқиға. Осы ретте Мақат стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері темір жол бойындағы қауіпсіздікті күшейтуге кірісті.
«Жазатайым оқиға бойынша Атырау стансасындағы желілік полиция бөлімімен ҚР-ның 344 бабы 1 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Біздің тарапымыздан әрқашан жылына 7-8 мәрте «Абайлаңыз! Басып кету қауіпі бар!» сонымен қатар, «Темір жол - қауіпті аймақ», «Мүлдем төзбеушілік» тақырыбында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады. Соған қарамастан аудан тұрғындары кейбір ескертулерге құлақ аспай, белгіленбеген жерден өтіп, өздерінің өмірлерін қауіп-қатерге тігіп жатады», - дейді Мақат стансасының желілік полиция бөлімшесінің басшысы Құралбек Ерғалиев.
Мақат кенті мен Бәйгетөбе ауылдық округін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелі бар. Тұрғындардың аудан орталығына қатынауы үшін арнайы салынған. Десе де көпшілік өткелді көп пайдаланбайды. Олардың айтуынша, көпірге мініп-түсу қиын және уақыт алады. Сондықтан темір жол қызметкерлеріне арналған өткелді жол қылып алған.
«Өткел бұл жерден қашық оның үстіне биік. Мысалға жаздың күні ештеңе емес, қысты күні өткелдің үстіне мұз қатады. Үлкен кісілерге, жас балаларға жүруге қиындық туғызады. Тайғақ болады. Сондықтан өзіміздің осы үйреншікті жерімізбен жүрген ыңғайлырақ», - дейді Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғыны Аманжан Ташев.
Иә, асыққан тұрғындар көбіне айналып жүргісі келмей, жолдың келесі бетіне шығу үшін теміржолды кесіп өте салады. «Асығыстық – шайтанның ісі» деп жүрсек те, осынау нақылдың байыбына бармай, өз басымызды өзіміз саналы түрде қауіпке тігеміз. Бұл тұрғыда тұрғындар арасында «қауіпсіздік ережелерін сақтап, өзіміздің сақтығымыз үшін өткел арқылы жүрген дұрыс» деген пікірді ұстанатындар да бар.
Мақат стансасының бас инженері Нұрман Ермұратовтың айтуынша, аталмыш стансада 3 жол паркі болса, тұрғындар кесіп өтіп жүрген рельс саны - 10. Сондықтан пойыз сабылысып жатқан уақытта тұрғындардың теміржолды жол қылғандары алдымен өз өмірлері үшін қауіпті.
«Мақат стансасы - тоғыз жолдың торабында тұрған өте қауіпті аймақ. Қандай жағдайда болмасын, шұғыл тежегішті қолданған өте ауыр. Әр вагонның салмағы 5-6 мың тонна. Сондай-ақ 80-90 вагон артында тіркемелері бар. Соларды тіркеп, пойыздың орнынан қозғалып кетуі және үлкен жылдамдықпен келе жатқанда шұғыл тежегішті қолдану аса қиындық туғызады. Тежегішті тартқанымен, ол ұзындығы 300-400 метрге дейін жүріп барады. Сондықтан халық өз денсаулығы үшін өткел арқылы жүргені дұрыс»,- дейді Н.Ермұратов.
2022 жылы ауданда рұқсат етілмеген жерден өткен 7 адам айыппұл төлеген. Сондай-ақ өткен жылы 15 рет мал басу және тежегішті 15 рет шұғыл түрде қолдану дерегі тіркеліпті. Заң бойынша теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтетіндерге және мал жаю ережелерін бұзған тұрғындарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
сурет автордікі