Аудан оқушыларын әскери қызметке оқуға шақырды

(0 Votes)

 Қазіргі таңда отандық білім беру жүйесінде кәсіби кадрларды даярлау бойынша басты міндеттер нақты айқындалған. Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында қазақстандықтардың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, азаматтардың тез өзгеретін әлемде жоғары білім деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруда еліміздің оқу орындарының маңызды рөлін атап өткен болатын.

Жыл сайын елімізде мыңдаған оқушы мектеп бітіреді. Жасөспірімдердің көпшілігі мамандық таңдауға келгенде дағдарып қалатыны жасырын емес. Ал жас түлектің болашақ тағдыры осы таңдаудың дұрыстығына байланысты.

Жоғары білікті әскери мамандарды даярлау саласында Қазақстан Республикасының әскерлері мен әскери құрылымдары үшін Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының алар орны ерекше.

img_5774

Осы ретте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілдері аптаның дүйсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде жалпы орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында институттың байланыс кафедрасы бастығының орынбасары Қайрат Нұрғалиев пен институттың оқу-жаттығу орталығының орынбасары Бекет Күлпендиев әскери салаға қызығушылық танытатын түлектерді оқуға шақырды.

img_5768

Кездесу барысында институт мамандары оқушыларға аталмыш оқу орнына қабылдау, іріктеу және оқуға түсу тәртібі туралы кеңінен айтып берді. Жас түлектерге барлық қажетті ақпараттар жеткізіліп, Ұлттық бірыңғай тестілеуде әскери мамандықтарға қатысты мамандандырылған пәнді таңдау керектігі туралы айтылды.

«Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түсу үшін мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден кем дегенде 50 ұпай жинауы тиіс. Ал арнайы пәндерден 7 ұпайдан төмен болмауы қажет. Сондай-ақ болашақ курсанттар кәсіби психологиялық іріктеу, одан соң медициналық тексеріс пен дене дайындығын тексеру жүйелерінен өтеді. Әскери саланы таңдаған түлектің білімі мен дене даярлығының көрсеткіші жоғары болуы маңызды», - деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты байланыс бөлімі бастығының орынбасары Қайрат Нұрғалиев.

img_5769

Айта кетейік, аталмыш оқу орнына оқуға түскен курсанттар 5 жыл тегін оқиды. Сонымен қатар, оқу барысында курсанттар белгіленген нормалар бойынша тегін тамақпен, жатақханамен, медициналық қызмет көрсетумен және ай сайынғы шәкіртақымен қамтамасыз етіледі.

Кездесу барысында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты оқу орталығы бастығының орынбасары, подполковник Бекет Оразалыұлы Алматы қаласында орналасқан әскери институт – елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы әскери байланысшылар мен инженерлерді дайындайтын жалғыз оқу орны екендігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, оқуды бітіргеннен кейін олар жұмыс іздеп сабылмайтынын, барлық түлек қолына дипломмен бірге жолдаманы қатар алатынын жеткізіп, әскери институттың тиімді тұстарын әңгімелеп берді.

img_5777

Жиын барысында оқушылар көкейтесті сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тиісінше жауап алды.

Кездесу соңында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Ертуған Әміров институт өкілдеріне өз алғысын білдіріп, әскери білім – қазақ елінің рухты азаматтарының дұрыс таңдауы екенін жеткізді. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларына аталмыш оқу орны қызықтырса аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, қосымша ақпарат алуға болатындығын айтты.

Әсем ҚАСЫМ

Суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT