Майлы қиян Мақаттың тыныс-тіршілігін танытып, шежіресін қаттап отырған «Мақат тынысының» 1000 нөмірі жарық көрді кеше, қолыма бүгін тиді. Мұндайда сарыауыз балапан шағымда келген мені қанатының астына алып, журналистік қадамымның басталуына түрткі болған газеттің түлегі ретінде қалам тербемей қалуыма болмайтын да еді.
Сонымен, дерек пен дәйек былай дейді:Ғұмыры ғасырды артқа тастаған өңірдің жаңа басылымы 2001 жылдың 22 маусымында өмірге келгенде мен бар-жоғы 20-ға енді толған жас едім.
Бала газетпен бірге жетілу, шындық пен дақпыртты ажырату, уақытпен санаспау, тіпті газет шығатын күні редакцияда түнеу...дегендердің бәрі басымыздан өтті.
Екіншідуниежүзілік соғыс екпін алып, тыл еңбеккерлеріне «Мұнайшылар, мұнай бер» деп жырлаған Асқар Тоқмағамбетовтің өлеңін басып, ел намысын оятқан, одан бертінде «Тәуелсіздік таңы атқан күн» деп елден сүйінші сұраған ата газет «Мұнайшының» бағы жанып тұрған кез. (Тәуелсіздікке қол жетіп, «тоқырау» басталған жылы тарихи газеттің жабылуына жол бермей, жекеге өткізіп, өзі басқарған белгілі журналист, жергілікті ақын Қажымұқан Елеместегінің еңбегі өлшеусіз енді)
Онымен бәсекеге түсудің біз үшін оңай кезі болған жоқ. Бәсеке дегенім 90 жыл бойы тұрақты оқырманы қалыптасқан басылымнан оқырманды «тартып» алуды айтып отырғаным. Артындық-тартындық...ақыры мақсатқа жеттік. Мұның бәрі жылдар бойғы тәжірибе, маңдай тер, оқырманға тұщымды дүние, сыни мақала ұсынудың нәтижесі еді. Қарап тұрсақ, нарықтық экономикаға бейімделу сол кезде басталып кеткен екен-ау...
А3 форматты 4 бет газетті толтыру үшін алғашқыда түнімен отыратын кездер болған-ды. Қазір 16 бетті ойнап жүріп шығаратын деңгейге жеттік))
Әлі есімде, 2001 жылдың қарашасында «Мақат тынысының» бас редакторы Гүлзада Есмырзақызымен жұмысқа орналасу жөнінде сөйлеспекке келіп, корридорда ұзақ күткенмін. Сөйлестік...жұмысқа қабылдандым...шабыс көбейді. «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» дегенді көз көрді. 10 жыл осы газеттің «отымен кіріп, күлімен шықтық». Біздің Гүлекең бала газетті дана газетке жеткізбекке әлі де сонда тер төгіп жүр. Ісі оң бола бергей!
Мінезге бай адам енді...Өзі мектепте мұғалім болғасын ба, әйтеуір балаларға арналған «ертегілерді» әдемі жазатын. Сол үшін де балалар тақырыбына жазатын басылым бойынша байрақты да болды бұл газет.
Сол кезде шимай-шатпағымнан бірдеңе шығады-ау деп жазбай таныған белді журналист (редактордың орынбасары) Жәнібек Аманғалидың «әріппен әңгімелесе, сөйлеммен сөйлесе» алатындығымды байқағаны мұншалық бақытыма айналар ма еді.
Газеттің иісі мұрныма келмеген, тіпті түсімен енбеген шақта сол Жәкең алдыма газет тігінділерін тастағаны есімде. Мен аң-таң...Сөйтсем, ақпарат беру, очеркті өру, мақаланы қалай жазу керек, репортаж деген не деген сұрақтардың жауабы екен бұл. Оны кейін түсіндік ғо.
Оның: «Газет әлі түсіңе кіреді» «Қате деген - ұры», «Журналисті аяғы асырайды», «Жыртықты жамау керек» (газеттің толмай тұрған жеріне материал жазу), «қасқыр шапты, бала тапты» деген жаңалықтарды іздеу керек» деген сөздері әлі санамда жаңғырып тұр. Өзі баяғының сарқыншағындай кітапты көп оқитын. Содан да болар «Әдебиет» бетін мойнына алып, қазақтың талай ақын-жазушылары жайлы мақалалар жарық көрді де.
Кейін қатарымызға Лена Мыңбайқызы қосылды. «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін» деген принципті қатты ұстанатын адам. Сол айтпақшы, «редакцияның ардагері», есепті шемешкідей шағып, жалақымызды уақытында банкіге барып алып, ведомостпен қолымызға ұстатқан Жангүл Құлыншақова, «қатені қуған -Жанат Мырзағалиева, газет шығатын күндері түнмен тілдескен беттеуші маман Гүлжанар Жансұлтанқызы қазір де газетпен бірге гүлдейміз деп намысты қолдан бермей жүр.
«Отаным Орал деп» тайып тұрған Асантемір Қаршығаұлынмен де әріптес болғанбыз)
Кейіннен қосылған жас буын Мөлдір Ізтұрғанова, Анварбек Садықов, Алмагүл Таумұрыновалардың жанын салып жүргеніне марқаямын!.
Иә, «Ащы менен тұщыны татқан біледі» дегендей, газеттің дүниеге қалай келетінін соның қазанында қайнап-пісіп жетілген, жұмыстың ыстығы мен суығына көніп, басынан өткізген адам ғана біледі. Айлар аунап, жылдар жылжыды-1000-шы нөмір еңсерілді.
Мыңыншы нөмір, 19 жыл өмір! Міне, осынша уақыт бұл газет оқырманымен бірге деген сөз. Мемлекетіміздің даму стратегиясы мен бағыт алған идеологиясын аудан халқына кеңінен насихаттап, елдің ырысы мен ынтымағының артуына үлесін қосулы аудандық басылым өз міндетін абыроймен атқарып келеді.
«Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» дегендей, кешегі мен бүгінгіні сабақтастырып келе жатқан «Мақат тынысының» екінші мыңдыққа қадам басуымен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жана берсін, қадірлі әріптестер!
«Мақат тынысына» 1000 алғыс!