Мәдениет қызметкерлері марапатталды

(0 Votes)
Мәдениет қызметкерлері марапатталды
фото: автордікі

Аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі Ринат Хисаұлы туған жердің рухани дамуымен асыл өнерді дәріптеуге зор үлес қосып жүрген ауданның бір топ мәдениет қызметкерлері мен ардагерлерін қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады. 

Аудан әкімі еліміздің рухани кемелденуіне, тарихымызбен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруде жетекші рөл атқарып жүрген мәдениет саласының қызметкерлеріне атқарған қызметтері үшін өз ризашылығын білдірді.

«Сіздердің халқымыздың асыл өнері мен мәдениетіне, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып қалған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында атқарып жүрген еңбектеріңіз орасан зор. Сіздер ауданның әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп келесіздер.

Сондықтан да, халыққа үздік мәдени қызмет көрсетіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін әрдайым мақтан етеміз. Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, биік тұғырдан көріне беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!» деді аудан әкімі өз сөзінде.

Сондай-ақ, ол мәдениет саласына қосқан елеулі еңбегі үшін бірқатар қызметкерлерді марапаттап, гүл шоқтарын табыс етті. Оның ішінде А.Берікқызы, А.Еркінқызы, Қ.Жанболсынқызы, К.Әділқызы, Ж.Жалғасбайұлы, Г.Садыққызы, Ғ.Кеңесқызы, А.Алдабергенқызы, Ж.Жылқышықызы, М.Орынғалиқызы, М. Шамбалақызы, Т.Әлімбайұлы бар.

Өз кезегінде мәдениет қызметкерлері көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.

Қос ішекті серік еткен...

Қазақтың төл өнері туралы сөз қозғағанда, алдымен домбыра еске түсетіні анық. Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даланың тамыры терең тарихи сан ғасырлық шежіресі жатыр...

Бойындағы дарыны мен талантын біліммен ұштастырып, табиғат берген өнерін әрі қарай дамыту кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Себебі, өнер – Алланың берген сыйы. Ұлттық салт-дәстүрімізді жас жеткіншектің бойына дарытып, оның жан дүниесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың киелі домбырасының атқаратын орны ерекше.

Қазақ халқының ұлттық болмысынан нәр алып, киелі рухани үрдістен жаралған дәстүрлі өнеріміздің ішіндегі күрделі ойлы, тоқсан толғаулысы – ол күй өнері. Бүгінде қазақтың көнеден келе жатырған дәртүрлі өнерін жетік меңгерген жандар аз емес. Тарихқа көз салар болсақ, ерте кезде халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін, орын алған оқиғаларын күй арқылы жеткізіп отырған.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ішекті аспапты жанына серік еткен ауданымыздағы күйші-домбырашы, композитор ұстаз Сағидолла Шәмелұлы туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Сағидолла Қайрошов 1959 жылы 27 қарашада Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген. Ол 1977 жылы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Атырау мәдени ағарту училищесіне оқуға түседі. 1979 жылы оқуды аяқтап, ауданымыздағы өнер мектебіне қызметке тұрады.

«Мақат өнер мектебінде домбыра аспабының оқытушысы болып қызмет еткеніме 36 жыл болған екен. Осы жылдар ішінде біраз еңбектер атқардым. Шәкірт тәрбиеледім. Бүгінде шәкірттерім тек аудан көлемінде емес, республикамыздың түпкір-түпкіріндегі саз мектептерінде, оркестрлерде қызмет етуде. Сөзіме дәлел, қазіргі таңда өзім оқытқан 8 шәкіртім ауданымыздағы мектептерде сабақ беруде. Міне, бұл мен үшін жетістік. Ұстаз үшін шәкіртінің білікті маман болып қалыптасуынан асқан мәртебе жоқ», - дейді кейіпкеріміз.

Сағидолла Шәмелұлы мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден бастап домбыра шертіп, шығармашылық қабілетінің арқасында күй шығара бастаған.

Ал, алғашқы тырнақ алды туындысын 1995 жылы жазған. Бүгінде ол домбыраның шанағынан күмбірлетіп 8 күй, 1 ән шығармашылығына енгізген. 6 күйі Қазақстан авторлар қоғамының «Әлди бөпем әлди-ай» деп аталатын музыкалық туындылар жинағына енген. Зияткерлік меншік нысанын сақтауға арналғанын осы құжат растайды деген меншік нысаны бар.

Домбыра аспабының тарихы тым тереңде жатыр. Ол танымал, өнерлі болса да, байлықты мұра еткен емес. Ол домбырашы ғана емес, қазақ мәдениетінің озық үлгісін бойына сіңірген тұлға. Ұлттық өнерді насихаттап, жанына жалау еткен кейіпкеріміз шәкірт тәрбиелеумен қатар, өз балаларында қатарынан қалдырмай өсіріп, білікті маман болып қалыптасуларына бар күш-жігерін салды. Бүгінде жолдасы Нұрғайша Салыққызымен екі баладан тараған, 7 немеренің ата-әжесі атанып отыр.

Небір алмағайып заманның куәсі болған киелі аспапты жанына серік еткен кейіркеріміздің қазақ өнері үшін сіңірген еңбегі ескерусіз қалған емес. Айталық, 2013 жылы Құрманғазы атындағы Республикалық фестивальдің 1000 адамдық біріктірілген оркестріне қатысқаны үшін сертификатқа, одан өзге аудандық, облыстық білім бөлім басшыларының алғыс хаттарына, 2019 жылы ҚР Білім және Ғылым министрі А.Аймағамбетовтың алғыс хатына, ҚР оқу ағарту министрі Ғ.Бисембаевтың алғыс хаттарына ие болған.

«Өнер жолын таңдаған жастарға әрқашан ізденісте болуды және өнерді ыстық ықыласпен сүюді, шын жақсы көруді тілеймін. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Ал, күй қазақ өнерінің қазығы. Сондықтан, ұлттық өнерімізді насихаттау, оны келешек өскелең ұрпаққа аманат етіп жеткізу жастарға артылған сенім. Жастарға шабыттарың асқақтап, қанаттарың талмасын демекпін», - дейді кейіпкеріміз.

Бізде өз кезегімізде осынау көктемнің жайма шуақ күндерінде тойланатын мереке қарсаңында ұстазға шығармашылық табыстар тілеп, өнер жолында ізіңізді басатын шәкірттеріңіз көп болсын дейміз.

Ботакөз Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521