Ұлы мақсатты көздеген ұлы мұратқа жетеді

(0 Votes)

Еліміздің дамуы үшін маңызды шешімдердің жүзеге асырылуы барысындағы жұмыстардың барлығы да қарапайым жұмысшының ерен еңбегінің нәтижесі.

Бұл орайда еңбек адамының денінің саулығы мен сапалы білім, біліктілігі мен тәжірибесі еліміздің баға жетпес негізгі байлығы десек артық емес.

Сонда адам бойындағы осынау әлеуеттерді қалай арттырамыз? Мемлекеттің тірегі һәм негізі халқы десек, осынау еңбек адамдарының лайықты білім алуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, болашаққа сенімінің нығаюына негізделген нақты бағыт-бағдар қажет екендігі анық. Осы тұрғыдан алғанда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» - баға жетпес құнды құжат. Өйткені ондағы маңызды әлеуметтік бастамаларды толық жүзеге асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түседі. Яғни Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілгенін ескерсек, бұл бастамалар еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу және даму жолының негізін айқындайтын басты ұстанымы болмақ.

Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік мемлекеттің басты бағдары – әлеуметтік әділдік пен адам құқықтарының қатаң сақталуын мақсат ете отырып, халықтың жағдайын жан-жақты қорғау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл тұрғыда мемлекетіміздің қоғаммен қазіргі таңдағы байыпты да тығыз қарым-қатынасын елдің әлеуметтік мемлекет ретінде дамуының басты көр­сеткіші деуге болады. Яғни Қазақстанды әлемдік өркениеттің маңызды бөлшегі ретінде алып қарасақ, Елбасының белесті кезеңдегі бастамалары еліміздің дамуына, шағын және орта бизнестің экономикаға тиімді үлесінің артуына, жұмыссыздықтың азаюына және жұртшылықтың пайдалы жұмыспен қамтылуына қомақты үлес қосары сөзсіз. Бұл бастамалардың толық жүзеге асуы экономикамыздың барлық саласын оң көрсеткішке жеткізері анық.

Енді осы әлеуметтік бастамалардың басты бағдары қандай? Олардың нәтижелі түрде жүзеге асуы үшін қандай іс-шаралар атқарылуы тиіс? Мәселен, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастамаға сай «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске қосу ұсынылды. Бұл жағдайда әр қазақстандық азамат жылдық өсімі 7 пайыздан аспайтын, бастапқы жарнасы 20 пайызға дейін, 25 жыл мерзімге несие алу мүмкіндігіне ие болатындығы көрсетілген. Қолданыстағы несие алу шарттарына қарағанда бұл бастаманың берері мол, халықтың қаржылық мүмкіндігіне сай келеді. Елімізде алғаш рет жүзеге асырылатын осынау ауқымды бастама мыңдаған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етіп қана қоймай, құрылыс нарығын, өнеркәсіптік және логистикалық нарықты жандандыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ банк және қор секторларына оң әсерін тигізеді. Ал баспана мәселесі оңтайлы шешілген жұмысшы өз жұмысын сапалы орындайтындығы сөзсіз. Десек те, бұл бастама ресми табысы бар азаматтарға арналған. Осы себепті бағдарламаның жүзеге асуы болашақ несие алушылардың төлем қабілетінің тұрақты болуын талап етеді. Мәселен, еңбеккер өзінің күнделікті жұмысынан айырылып қалса, несиені қалай төлейді? Яғни Үкімет тарапынан еліміздегі банктермен алдын ала келісімдер әзірленіп, қолайлы шарттар жасалғаны жөн. Бұл тұрғыда кәсіподақтар да ұжымдық шарттар жасау негізінде еңбеккерлердің төлем қабілетінің тұрақты болуына күш салатын болады. Мәселен, еңбекақының уақтылы төленуі, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мәселелеріне жіті көңіл бөлінеді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес бастамасы» мен Жолдауынан туындаған мәселелерді еңбек ұжымдарында талқылап, үгіт-насихат жұмыстарын жалғап келеді. Өткен аптада басқосу Мақат кентіндегі техникалық қызмет көрсету бекетінде жалғасын тапты. Аталмыш ұжыммен кездескен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсима Мендалиева мен жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» тақырыбында пікір бөлісті.

Елбасының Жолдауында халықтың өміріне, мемлекеттің бүгіні мен ертеңіне керекті өзекті мәселелер көтеріліп, адами капиталдың сапасына жіті мән берілгенін жадылады. Жолдауда білім саласына жаңа бағдарламалар, жаңа мазмұндағы оқулықтар мен стандарттарды енгізуге тапсырыстар бергені және Елбасының, әдеттегідей, жас ұрпаққа білім беруге айрықша көңіл бөлуі қатты қуантты. Жаһанданған әлемдегі білім мен ғылым тілі – ағылшын тілі екенін ескерсек, орта және кәсіптік білім беруде ағылшын тілін тереңдетіп оқыту мен жас ұрпаққа үш тілді қажетті деңгейде меңгертудің маңызын тарқатты. Сонымен қатар, жиында мемлекет басшысы жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да осы мәселеге айрықша көңіл бөлінді. Біз қазір цифрлы экономикаға қадам басып жатырмыз. Бұл салада бәсекеге қабілеттілігімізді қалыптастыру үшін дені сау, білімді ұрпақ керек. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту туралы ұсыныстарды қолдау орынды - деді Ә.Мендалиева. Елбасымыз биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға қатысты нақты міндеттерді айқындап берді. Осыған орай, кәсіпкерлік палатасы жоспар бойынша жұмыс істейді және «Бизнес Бастау» деген бағдарлама жүзеге асырылуда. Үкіметтің қолдауымен биылғы жылы ауданда 71 адам оқыған. Соның ішінде 30 адам жұмыс жос-парын қорғап, 5 адам өз ісін ашуға несие алғандығын мәлімдеді Г.Өтешова. Жолдауды талқылау барысында қызметкерлер өздерінің пікірлерін білдіріп, Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдайтындықтарын жеткізді. Жолдау –еліміздің жарқын болашағының кепілі деген ұжым пікірі осындай.

Г.ИГІЛІКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521