Көшеде адамдар емес, сиырлар серуендейді

(0 Votes)

Әр адамға қоршаған ортаны таза ұстау, ағаш отырғызып, табиғатты аялау ізгілікті іс болып табылады.

Осы қағиданы назарға алған аудан тұрғындары апта сайын сенбілікке шығып, тазалықты сақтау мәселесіне өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді. Көше бойындағы қоқыстар жиналып, көшеттер егіліп, ағаштар әктелуде.

Әрине, тазалық бар жерде көркемдік қатар жүрері сөзсіз. Сонымен қатар, тазалықты тәртіппен егіз ұғым десек, артық айтқанымыз болмас. Ал, бүгіндері көше кезген иттердің қатарына қосылған сиырлар қоқыс-қалдық тастайтын жәшіктерден жем іздеп жүргені көңілді құлазытады.

Бір сәт кент ішіне көрік қосып, енді-енді жайқалған жасыл желекті жерлері көргенге көз сүйсіндіріп, көңіл тоғайтады. Кейін дәл осы көріністі бұзып, көшеде сиыр жайлып жүргенін көргенде, «Иелері бұларды іздемей ме? Неге еге болмайды екен?» - деген сан сауалдар жаныңды жабырқатады.

Расында, бүгіндері көше кезген иттердің қатарына қосылған сиырлар, маң-маң басып жүрген түйелер мен ешкілер де еркіндік алыпты. Тіпті, жолдың қақ ортасына түсіп, көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді. Бұған дейін көше кезген малдардың көлік апатын тудырған жағдайлары көп болғаны белгілі. Ал, әлдекімдердің жерге жаңа түскен тезекке тайып жығылып, майып болмасына кім кепіл? Күннен-күнге ажарланып, көшелері кеңейіп, кентіміздің инфрақұрылымы қарыштап келе жатқан сәтте тұрғындар бейжай қалмай, тазалық пен тәртіпке жете мән беріп, сананы өзгертіп, туған жеріміздің мәдениетін көтеруге өз үлестерін қосса игі. Осы ретте, кент әкімі аппаратының саяси-мәдени мәселелері жөніндегі бас маманы Гүлнар Жұмағалиевамен хабарласқан болатынбыз. Арнайы рейдтер ұйымдастыруды жоспарлаған кент әкімдігі алдағы уақытта мал иелеріне шара қолданбақ. Яғни, әкімшілік кодекстің баптарына сәйкес жауапқа тартылып, белгілі бір мөлшерде әкімшілік айыппұл салынады. Тұрғындар ескертулерге құлақ аспайтын болса, малдары қамалып, айыппұлдар өндіріледі, – дейді.

Сондай-ақ, тәжірибе көрсеткендей, мал ұрлығының көп бөлігі еркін жайылымдарда мал иелерінің салғырттығынан орын алып отыр. Көбінде төрт түліктің иелері малдарын жайылымға жіберіп, қараусыз қалдырады. Ал малы жоғалған жағдайда алдымен өздері іздеп, кейіннен ішкі істер органына хабар береді. Жергілікті атқару орындарының мамандары әрбір жиналыс, сайын осы мәселе яғни, малға сақ болу, ұрлыққа жол бермеу туралы үнемі айтып келеді. Қолдағы малды қараусыз қалдыру, маңдай термен өсіріп отырған игіліктеріңізді өз бейқамдығыңыздың құрбаны етудің соңында ірі көлемде айыппұл төлейтініңізді де естен шығармаған жөн.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521