Бұл - мыңыншы сан! (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Қадірлі оқырман, бүгін қолдарыңызға тиіп отырған «Мақат тынысы» газеті мыңыншы нөмірмен шықты. Яғни, тәуелсіз Қазақ елінің өндірісті ауданының бүгінгі баспасөз органы ретінде ел мен туған өңіріміздің тыныс-тіршілігін мың мәрте жарыққа шығарып, тарихтың парағына қаттаған екен.

Газетіміздің ең алғашқы ақжолтай шығарылымы 2001 жылдың 22 маусымы күні оқырман қолына тиген болатын. Содан бері аудан тіршілігімен біте қайнасып, әлеумет пен ұлттың мүддесін жақтаған ұстанымы арқылы оқырман жүрегіне жол тапқан басылымға айналды. Мақат ауданының тәуелсіздікке қол жеткізген оныншы жылғы тіршілігімен күні бүгінге дейін тыныстап келеді.

Бүгінгі нарықтық экономика мен құбылмалы ой-пікірлер заманында нақты істер мен ұсыныстарды талап ететін қоғам үшін өзекті мәселе көтеру де оңай шаруа емес.

Уақыт үрдісімен алға басқан басылым талай ақжолтай ақпараттар мен жаңадан бой көтерген нысандардың іргетасынан бастап, бой көтергеніне дейін жұмыс алаңдарынан репортаждар мен мәдени-көпшілік шараларды оқырмандарына жеткізіп келеді. осы орайда талай талаптанған жастың  осы ұжымнан қанаттанып, шығармашылықтың жолында түрлі баспасөз құралдарында жемісті жұмыс істеп жүргендігін қуанышпен айтамыз.

Сонымен, жиырма жыл тарихы бар аудандық газеттің мыңыншы саны да жарыққа шықты. Олай болса, Мақат ауданының ақпараттық барометрі, қажет десеңіз, энциклопедиясына айналып отырған «Мақат тынысының» шығармашылық ұжымы әлі талай мыңдарды артқа тастары анық.

 «Менің Отаным - Қазақстан!» айдары елі үшін еңсесін тіктеген намысты ерлер мен ерікті жастардың отаншыл рухты жандарды елге танытып келеді.

 «Бұқара үні» арнайы бетінде бұқараның білгісі келер мәселесіне жауап іздесек, «Тіршілік» айдарымен түйткілді мәселенің мәнісіне үңіліп келеміз. «Отан отбасынан басталады» айдарымен отбасы жайы, әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған қариялар, ортасына түскен шаңырақ, опық жеген әкелер өмірі шынайы беріліп келеді. Шешімі табылған проблемалар редакцияның шығармашылық ұжымы көтерген «Жазылған жай еді» айдарымен ұсынылып отыр.Өзекті өртейтін өзекті жайттар да арнайы айдармен жарыққа шығуда.

Құрметті оқырман! Бізбен бірге болудан жалықпаңыз! Біз Сіздермен біргеміз!

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT