Дертті ауыздықтауға дайындық күшейді

(0 Votes)

Әлемнің кейбір елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталып кеткені бізге дайындықты күшейтуге бірден бір себеп. Елдегі тұрақты ахуалға қарамастан, бұрын жіберілген қателіктен сабақ алып, екінші толқынды мейлінше оңай еңсеру – Мемлекет басшысының басты тапсырмасы.

Алда тағы не болып кетер деген үрей де, біріншісін жеңсек, келесісін де өткерерміз деген үміт те жоқ емес. Жанға бататыны, жаңа толқынның балаларға тиетіні деген сыбыстың көбейе түскені. Халықтың дайындығы іштей моральдық және иммундық жүйесін жақсартумен байланысты болып тұр. Бұл ретте бұрынғыдан сабақ алған аудандық орталық аурухананың әзірлігін білмек үшін аудандық "Адалдық алаңы" жанынан құрылған мобильді топ мүшелері арнайы ат басын бұрды.

Бізді орталық аурухананың аға мейірбикесі Шолпан Есенқызы күтіп алып, коронавирустың екінші толқыны болған жағдайда, індеттің алдын алу үшін ауруханада қарқынды жұмыстар жүзеге асып жатқанын жеткізді.

bol-1

Алдымен арнайы қызыл сызықтар белгіленген нұсқаулық арқылы емхананың үшінші қабатында орналасқан инфекциялық және провизорлық стационарына көтерілдік. Стационарларға кіріп-шығу үшін арнайы бөлек есік қамтылған. Індеттен емдеу аймағына енгеннен кейін арнайы медициналық қорғаныш киімдерін кию міндеттеледі. Қазір бұл орында емделушілер болмағанымен, індеттің өршіген айларында бұл жерде қарбалас болғаны анық. Жалпы алғашқы толқын кезінде орталық аурухананың инфекциялық стационарына 60 және провизорлық стационарда 59 адам ем қабылдаған. Ал, Доссор ауруханасында провизорлық стационарда 46 науқас емделіп шыққан.

bol-2

Мұнда арнайы 15 керуеттік инфекциялық және 20 орындық провизорлық стационарлық бөлімшесі талапқа сақадай сай тұрғанына көз жеткіздік. Сондай-ақ, Шолпан Есенқызы  Доссор ауылдық ауруханасында  да 12 орындық провизорлық стационар дайын екенін жеткізді. Оқшаулау бөлмелері санузелмен қамтылған. Әр бір жатын орынға оттегі концентраты аппараты белгіленген. Мында арнайы індет жұқтырғандар үшін ота жасау және босану бөлмелері дайындалған.

bol-5

Кейін арнайы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және босату қоймасына барып, 3 ай мерзімге жеткілікті дәрі-дәрімектер сақталғанына көз жеткіздік.  Сондай-ақ, дәрі-дәрмекке жауапты дәрігер Балжібек Әбіленова «СК-Фармация» ЖШС-не тағы қосымша дәрілерге тапсырыс берілгенін тілге тиек етті. Дезинфекциялық құралдарды сақтау және босату бөлмесінде де залалсыздандыруға қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілгенін білдік.

bol-8

Ауруханада қазіргі таңда республикалық бюджеттен және демеушілік, гуманитарлық көмекпен жеткізілген 2770 дана бір реттік қорғаныш комбинезоны, 56000 дана бір реттік қорғаныш бетпердесі, 1420 дана респиратор N95 бетпердесі, 6000 дана бір реттік медициналық қолғап, 250 дана көп реттік қорғаныш  костюмдері қоймада арнайы сақтаулы тұр. Сондай-ақ, аудан ауруханаларына тиесілі 12 дана ИВЛ аппараты, 57 дана оттегі концентраты аппараты және 75 дана пульсоксиметр медициналық құрылғылары бар. Оттегі концентратының 22 данасы аудандық орталық ауруханада, 11-і Доссор ауруханасына берілген. Сонымен қатар, ИВЛ аппаратының 3 данасы Мақат кентінің тұрғындарына арналса, 2-еуі доссорлықтар үшін дайын тұр. Сондай-ақ, ауруханада орталықтандырылған жүйе арқылы оттегі беру жұмысы жүргізілуде. Ол қазан айының аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.

bol-3

Күні кешеге дейін аймақта коронавирус індетінің 284 жағдайы тіркелсе, қауіпті індеттен  5 адам қаза тапты.

Соңғы уақытта аймақта науқастардың тіркелуі азайды. Дегенмен, екінші толқынның болуы мүмкін екенін ескеріп, осы бастан дайындық жұмыстарының жүргізілуі заңдылық. Жасалып жатырған жұмыстар соның айқын айғағы.

bol-4

Қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тексеріспен келген Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері дайындыққа оң бағасын берген. Аудан күздегі толқынға толығымен дайын болса да, мамандар тұрғындарды босаңсып кетпеуге шақырды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 Суреттер автордан

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT