«Алғысым шексіз!». Осылайша, наурыз айының беташар күні мерекелік құттықтау, бір-біріне деген ыстық ықылас пен ризашылық сөздермен бастау алады. Қаhарлы қыс бітіп, жайма шуақ мезгіл көктемнің алғашқы мерекесін біз елімізде «Алғыс айту күні» деп атаймыз.
Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетін халқымыз естен ешқашан шығарған емес. Өткен ғасырдың екінші ширегінде тағдырдың тәлкегімен Қазақстанға жер аударылған көптеген ұлттарға құшағын айқара ашып, бауырына басты. Қоныс аударып келген халықтың ауыртпалығын қайыспай бірге көтере білді. Қазақтар үйде отырса да, шаңырағынан орын беріп, ішіп отырған асымен бөлісті. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Қазір қарап отырсақ, сол бір қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған ұлттардың есесі кетіп отырған жоқ, ұпайы түгел. Бірнеше ұлттың мәдени ошақтары да, мектептері де жұмыс істеп жатыр. Белгілі бір кәсіппен айналысамын дейтіндердің жолы ашық. Қазақстан сынды бейбіт елде бүгіндері 100-ден аса ұлт пен ұлыс мамыражай тірлік кешуде. Қазақ жерінде болашағына алаңдамай, ұрпақ өрбітті.
Қазақ үшін қара шаңырақ – қастерлі ұғым. Қиын жылдары елімізге келген талай ұлттар мен ұлыстарға да Қазақстан қазір қара шаңыраққа айналып отыр. Алғыс айту күні – соның жемісін көретін күн, ынтымақ пен бірліктің, қара шаңырақтың қасиетін сезіндіретін мереке.
Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн!
Бұл күн – бейбітшілік пен келісім саясатының толыққанды қалыптасқандығын көрсететін салтанатты мерекесі. Бұл – түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі.
Бұл мереке -достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын дәлелі. Бұл мереке көпұлтты халқымыздың ынтымағын арттырады. Баршамызға ортақ ел мен жерді сүйіп, құрметтеуге серпін бермек.
Е.МЫРЗА
Сурет: ашық дереккөз