Бақытын қазақ жерінен тапқан Доссорлық чуваш қызы

(0 Votes)

Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы-өзге мемлекеттерге үлгі. Мұнайлы өлке аймағында да ұлты, тілі бөлек болса да, отбасын құрып, ортақ тіл табысып бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – Доссор кентінің тұрғыны чуваш ұлтының өкілі Елена Ефременконың жанұясы.

Елена Павловна 1950 жылы Чувашия Республикасындағы Шимкус ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан кейін 1966 жылы қызмет бабымен Қазақстанның Ақтөбе қаласына ат басын тіреп, «Ақжар» кірпіш зауытында қызмет атқарады. Туған жерінен жырақ кетіп, өзге елді паналағанда Елена небәрі 16-ақ жаста еді. Өрімдей қыз болса да, зауытта екі жыл қажырлы еңбек атқарады. Осылайша еңбекке ерте араласқан ол 1968 жылы өзінің талпынысымен Ақтөбе теміржол училищесіне «станция кезекшісі» мамандығы бойынша оқуға түседі.

1970 жылы оқуын бітірген жас маманды Гурьев қаласына жолдамамен жібереді. Мамандығы бойынша Доссор станциясына қызметке орналасады. Сол аймақта мұнайлы өңірдің тұрғыны орыс ұлтының өкілі Владимир Ефременконы кездестіреді. Владимир де сол станцияда қажырлы еңбек атқарып жүрген қарапайым жұмыскер болатын. Дәм-тұзы жарасқан екеу 1971 жылы бас қосады. Осылайша екеуі бір салада еңбек майданына араласып, бақытты ғұмыр кешеді. Әсіресе, отанасы Елена жат жерді жатырқамай, қызу еңбектің ортасынан табылады. Сонау қиын-қыстау заманда алғаш еңбек жолын теміржолшы болып бастаған олар қолдарынан келгенінен тартынбады.  Өз күштеріне сеніп, өмір сүрді. Екі ұлттың мәдениетін де ұмытпай, қазақтың салт-дәстүрін де берік ұстанды.

Сөйтіп, қазақ жерінде отбасының кілтін таба білген чуваш келін екі қызды дүниеге әкеліп, отағасы Владимир екеуі әрқайсысын оқытып, жетілдірді. Бүгінгі күні олардан бес жиен көріп отырған ақжаулықты ана. Үлкен қызы Алла жергілікті қазақ жігітімен бас қосса, кіші қызы Елена атыраулық орыс жігітіне тұрмысқа шыққан. Осылайша, чуваш, орыс, қазақ ұлт өкілдерімен құдандалы болып, көп ұлтты отбасының дәнекеріне айналған 70 жастағы Елена апай үшін бар байлығы оның балалары мен одан тараған ұрпақтары екенін баса айтады.

i

«Мені мұндағылар ешқашан ұлтың басқа деп бөле-жара қараған емес. Содан да шығар, ылғи көңілім көтеріңкі, өзімді өз елімде, өз бауырларымның арасында жүргендей сезініп, қазақ жеріне тез сіңісіп кеттім»,- дейді Лена апай.                                                     

Сүйікті жұмысына үлкен көңіл бөлген биязы мінезді  апайдың маңдай тердің арқасында алған бірнеше жетістіктері мен марапаттары бар. Ең  үлкен мадаққа 1992 жылы ие болып, «Еңбек ардагері» атанады. 2006 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына гастрольдік сапармен барып, Атырау қаласын қазақ тілінде таныстырған. 40 жыл теміржол саласынында қажырлы еңбек еткен Елена 2008 жылы зейнеткерлікке шығады. Осындай тәлімі мол әжей зейнет  жасына шықса да, қарап отырмай, қолынан келетін өнерін ұрпақтарына  үйретуде. Бұл күні қоғамдық жұмыстарға да араласып, жергілікті әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған «Доссорские матрешки» хорында ән айтады.

i

Әке-ана жолын қуған үлкен қызы Алла Шакова да еңбек жолын теміржол саласымен байланыстырып, 12 жыл бойы тапжылмастан осы саланың ыстық-суығына төзіп, өткел қызметшісі болып еңбек етіп келеді. Бүгінде Елена Павловна Чувашияға сапарлап тұрады екен. Кіндік қаны тамған жерде бауырлары, әпкесі және інісі қалған. Адами қасиеттерді жоғары бағалап, татулықты берік отбасының басты қағидасы санайтын  Елена апай:

«Елімізде әлемнің түкпірінен жиылған қанша ұлт бір шаңырақ астында, бір үзім нанды бөліп жеп мәнді де мағыналы ғұмыр кешуде. Бастысы,  елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын. Қашанда ел іргесі тыныш, халықтың қарны тоқ, уайымы жоқ болғай! Әр отбасында шаттық, құт-береке болсын! Мен осы мұнайлы өлке Доссор кентінде ұрпақ жалғастырып, осындай бірлігі жарасқан елде тұрып жатқаныма мақтанамын!»,-  деп ақ тілегін жолдады.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT