Доссор - біздің ыстық ұямыз

(0 Votes)

Мамыражай мамырдың алғашқы күні бірлік пен татулықтың мекеніне айналған отанымызда - Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтеді.

130-дан астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан ұлы дала төсінде тойланатын бұл мереке биылғы жылы төтенше жағдайдың өтпелі  кезеңіне тап болып отыр. Әдетте бұл күні - олардың салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары мен ән-күйлері шарықталатын еді. Десек те, «жұмыла көтерген жүктің ауыр емес» екені белгілі, бұдан да қиын кезеңдерді артқа тастаған отандастарымыздың көңілі өтпелі күндерге бола  түспек емес. 

Евсюкова Ирина Степановна 1962 жылы Доссор поселкесінде мұнайшылар отбасында дүниеге келген. Қазақ мұнайының қара шаңырағы атанған киелі мекенге кезінде одақтың түкпір-түкпірінен түрлі ұлттың өкілдері, сан қырлы мамандар қоныс тепкені белгілі. Қара алтынды игеруде қос білегін сыбана түріп, алыс Абхазиядан жеткен атасы Доссорда геофизикалық жұмыстардың кейіннен облыс бойынша мұнай атқылату жұмыстарында жетекшілік жұмыстарда еңбек еткен. Әжесі-Пенза қаласының тумасы, үй шаруасында болған.

1935 жылдан Доссорда ғұмыр кешкен олар үш перзент: екі қыз бен бір ұл өсірді. Солардың бірі, біздің кейіпкеріміздің мұнайшы болған анасы болса, тағы бір қызы бір кездері Мақат ауданының архитекторы болып еңбек еткен. Ұлдары мұнай таситын көлікті тізгіндеп, көп жылдар жүргізушісі болған.

1979 жылы мектеп бітірген Ирина "Гүлдер" балабақшасына еңбек етуге жол тартты. 4 жылғы қызметтен кейін ол отбасы жағдайымен "Доссормұнайгаз" басқармасына ауысты. 1999 жылы анасы мұнай кәсіпшілігінде зейнетке қалып, 2000 жылы орнына Иринаны операторлық қызметке алады. Сынаптай сырғыған уақыт 2016 жылға жеткен кезде, маңдай терін төккен  оңтүстік "Таңатар" бөлімі жабылып, ол "Алтыкөл" бөліміне ауысты. Міне, сол жерде бүгінге дейін жұмыс жасайды.

Бір қызығы, біз қалам тербеп отырған кейіпкеріміз туралы 2010 жылы "Хабар" телеарнасы  қысқаметражды фильм түсіріп те үлгерген. Және мұнайшылар күніне арнайы елордамызға "Жүректен-жүрекке" бағдарламасына қонаққа шақыртылды. Бұның барлығы бүкіл ел бойынша көгілдір экраннан көрсетілді. «Адам ұрпағымен мың жасайды». Бүгінде кейіпкеріміз төрт перзент тәрбиелеп, олардан үш немере сүйіп отыр. Тоқсан жылдай бұрын Доссор топырағына табан тіреген әулет  жергілікті жұртшылықпен сіңісіп кеткен.

2

"Біз-бәріміз, яғни, менің ағам, әпкем, анам, олардан өрбіген ұрпақ Доссордың тұрғындарымыз. Және ешқайсысымыз да ыстық ұямызға айналған бұл жерден кетуді қаламаймыз. Алғашқы мұнай бұрқағы атқылап, Ұлы отан соғысының ұшақтарын жанармаймен қамтамасыз еткен   осы өлкеде өмір сүргенімізді мақтан етеміз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе десе де болады. Ұрпақтарым да осы өңірде өрбіді. Қазір ұлым болашақ ықшам ауданында қоныс көтеруде",- дейді Ирина Степановна.

Кентінің көрікті көрінуі үшін  тал отырғызып, бау бақша егуді бірінші кезекке қойған ол  тұрғындар да  көгалдандыру жұмысымен жиі айналысса дейді.

"Бірінші мамыр қарсаңында мен барша аудан тұрғындарына достық, махаббат тілеймін. Өсіп өркендей беріңіздер. Гүлдей бер, менің Қазақстаным, менің туған өлкем. Баршаңызды осынау мерекемен шын жүрегіммен құттықтаймын. Жерімізде тек тыныштық орнап, ұрпағымыз достығы жарасқан елде есейсін",- деп ағынан жарылды әңгімесінің аяғында.

Және екі жылдан кейін зейнеткерлікке қалғалы отырған оның жолын үшінші баласы жалғастырғысы келеді екен. Бұл ретте, "Мұнайшылар династиясы ең болмаса, бір балам арқылы жалғасса екен" деген тілегі бар. 

А.САДЫКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521