Арбамен жол салған ақсақал

(0 Votes)

Елдегі ер-азаматтардың барлығы соғысқа аттанып, бар шаруа бала-шаға мен қыз-келіншектердің мойнына артылған зұлмат заман өтті бір кездері. Сөзбен салмақтауға келмейтін өткен күннің ауырлығы көненің көзіндей болған ардагер ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналарымыздың жүзінде жаңғырып тұрғандай.

"Әжімім бар бейнеттің таптарындай",-деп ақын Ж.Молдағалиев айтпақшы, олардың жүзіндегі әр қыртыстың өз "суретшісі" бар. Бірін бала кезіне тап келген қара жұмыс кескіндесе, тағы біріне түрлі соқпақ жолдармен тағдырдың өзі өрнектеген. Тылда тер төккен ардагерлерімізді түгендеп, төл басылымымыздан төбе көрсетсе деген ниетпен кезекті қарияның қара шаңырағына табан тіредік. Бұл жолғы беттегеніміз - Карим Қасанов есімді ақсақал.

Ақсақалға бұған дейін де екі мәрте келіп жолымыз түсе қоймап еді. Екеуінде де сәл сырқаттанып жатыр деген соң, сұрақпен мазасын алғымыз келмеді. Араға ай салып атамызға қайта оралдық. Күннің көкжиекке көтерілгенін күтіп, ертерек бармай тұра тұрайық. Үлкен кісі ғой, дем алып жай тұратын шығар дестік. Сөйтсек, ертенің адамы ерте тұрып кетеді екен ғой. Біз барғанша ақсақал бірер шаруасын реттеп, кент ішінен үйіне қарай жөнеліпті. Уақыттың қадірін білетін қайран қарияларым-ай. Аяғы жүріп тұрса, әйтеуір бір орында байыз тапқысы келмейді.

Үйге оралысымен, атамыз жөн сұрасып, кейін кеудесіне жарқыраған орден-медальдары тағылған әдемі костюмімен жанымызға жайғасты. Қарттығы жеңе бастаған қарияның бүгінде құлағы да естіңкіремейді екен. "Атай, туған жылыңызды, туған жеріңізді бастап айта беріңіз. Қайда жұмыс жасадыңыз?"-деп біз де бар ынтамызбен ақсақалдың әңгімесіне құлақ түрдік."

Анам менің жасымды кішірейтіп көрсеткен. Құжатта 1931 жылдың 6-шы маусымында дүниеге келдім деп көрсетілгенімен, мен негізі 1927 жылы Қызылқоғада туылғанмын. Әкемнен екі жасымда қалдым. Шешем үй ша-руасында болды. Мектепте үш-төрт жыл оқып еңбекке араластым. Ол кезде дәптер деген жоқ, сары қағазға жазамыз. Соғыстың мезгілінде жұмыс жасадым. Депутаттардың жоғарғы кеңесі Есқайыров Рамазанның тапсырмасымен Доссордан Нармонданаққа дейін арбамен жүріп, жол салдық. Шебін тасыдық арбамен, оны асфальт ретінде тегістеп жазамыз. Төлешқалиев деген қарт кісі болды қасымда. Ол кезде кімде арба бар, кімде бос кісі бар ешкім қарап отыр-майды. Ол кезде тек райком екі аяқты арбамен жүрді. Алысқа амалсыз атпен жөнелтіледі, қалғанының барлығы жаяу жүрді. Жоқшылықты көрдік. "Карточный система" деген болды сол тұста. Сол "кәртішкемізді" көрсетіп үш мезгіл бір кесек наннан аламыз. Сөйтіп жүріп 1941 жылы алтыншы тамызда Доссордағы училищеге оқуға түстім. Екі жыл оқып, кейін Сағыз промыселіне келдім. Сағызда әуелі өндірісте слесарь болып, артынан оператор болып жасадым. 1951 жылы отау құрып, 1952 жылы Украина жеріне әскерге аттандым. Сталиннің өзі бар ол кезде. Пулеметші болдым. Және сол жерде алты ай оқып шығып, кеткенше мастер болып жасадым. 1975 жылы Мақатқа қоныс аударып, газпромға орналастым. 1986 жылы 55 жасымда зейнетке қалдым",-деп өмір жолын көз алдынан бір өткізіп шықты атамыз. Әттең, қарияның көкірегі сайрап тұрғанымен көп нәрсені ұмытып қалған. Есіне түсіргенінше естеліктерінің біразымен бөліскен болды.

Бүгінде қарашаңыраққа ие болып отырған Карим атаның үлкен ұлы Тұрлан ағамыз: "Әкеміз жастау кезінде көп әңгіме айтатын еді. Қара нанның қадірін біліп өскен кісілер ғой. Бізге әркез тіпті қиқымына дейін шашпаңдар деп отырады. Бұл кісінің анасы - менің әжем өте дәулетті кісінің қызы болған екен. 1927 жылы "кәмпескелеу" басталған. Содан қудалануға тап болып, 31-де аштыққа ұшыраған. Одан репрессия, одан кейін соғыс... ағайынның бәрі жан-жаққа бытырап кеткен. Тек, бергіректе алпысыншы жылдары бірін-бірі тауып қайта қауышқан екен",-дейді.

Бүгінде немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отырған ақсақалымыз оларға өз білгенін бөлісуден еш жалыққан емес. Заманның түзелген шағында алдыңғы толқынның әңгімесін тыңдап отырып, бүгінгі күнімізге шүкір дейміз. Жапырағы жайылған алып бәйтерек-атамыздың естеліктеріне жанымыз сүйсініп, оларға қандай құрмет көрсетсе де әбден лайықты екен ғой деген тұжырыммен деніне саулық тілеп редакциямызға кері аттандық. Аман болыңыз, атай!

А.САДЫКОВ

Cурет автордан

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT